Бүгін: 20.05.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

ТАЯУДА САРАН ҚАЛАСЫ ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІНІҢ БАСТЫҒЫ, ПОЛИЦИЯ ПОЛКОВНИГІ ЕРЛАН ОСПАНОВТЫҢ ТӨРАҒАЛЫҒЫМЕН  ҮКІМЕТТІК ЕМЕС ҰЙЫМДАРДЫҢ  ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСУ  ӨТТІ. 

Кездесу барысында 22-26 қараша аралығында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында «Қоғам мен мемлекеттің тұрақты дамуы мүддесіндегі әріптестіктің 30 жылдығы» атты Қазақстанның Х Азаматтық форумы өтетіндігі мәлім етілді. Бұл форумның негізгі идеясы – азаматтық қоғамға жаһандық көзқарас қалыптастыру,  өткенге үндеу, бүгінді талдау және болашақты болжау. Осыған орай қалалық  полиция бөлімінің акт залына үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері жиналып, бүгінде қол жеткізген көрсеткіштер мен нәтижелер ортаға салынып, өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.

Аталмыш іс-шараға Саран қаласы полиция бөлімінің бастығы Ерлан Бітімбайұлы мен Саран қаласының полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Ерболат Балабеков қатысты.  Ерлан Бітімбайұлы  үкіметтік емес ұйымдарға полиция бөлімінің тарихында орын алған айтулы кезеңдерге, оң нәтиже берген өзгерістерге  тоқталып өтті.  Өз сөзінде: «Мақсатымыз - халықпен бірге жұмыс істеу» екендігін айтты.

Бүгінде  Саран қаласы мен Ақтас кентінде қылмыстың азаюына мүмкіндік берген бірқатар ұйымдастырушылық және практикалық шаралар қабылданған. Оның нәтижесінде, қылмыстық құқық бұзушылықтар 13,7 пайызға төмендесе, ауыр және аса ауыр қылмыстардың саны 28,7 пайызға қысқарды.  Алайда қазіргі таңда қылмыстардың басым бөлігін интернет-алаяқтық құрап тұр. Қалалық полиция бөлімі тұрақты түрде ірі сауда орталықтарда, адам көп шоғырланатын жерлерде  арнайы профилактикалық жұмыстар  жүргізіп, тұрғындармен түсіндіру  жұмыстарын жүргізуде.

Сонымен қатар, бекітілген әкімшілік учаскелердегі ахуалды мониторингілеу үшін және «сервистік модельді» енгізу мен «кері байланыс» орнату мақсатында WhatsApp   әлеуметтік желісінде алты чат ашылған. Әр чатта полицияның учаскелік инспекторлары  бар. Сол себепті кездесуде Ерлан Оспанов тұрғындарды  Саран қаласының өміріне бей-жай қарамай, белсене қатысуға шақырды.

Бүгінде Саран қаласы бойынша 252 және Ақтас кентінде 20 бақылау камерасы орнатылған. «Қауіпсіз қала» бағдарламасы аясында 1 қазаннан бастап 166 бейнебақылау камера пайдалануға берілді, оның ішінде 10 камерада мемлекеттік нөмірлік белгілерді тану функциясы бар. Сондай-ақ, шұғыл байланыстың 4 терминалы орнатылған. Олар: Ленин даңғылында, 1А шағын аудандағы  № 2, № 5 үйлердің маңында және Чкалов көшесі – Саранская көшесінде (яғни автостанцияның алдында) орналасқан.  Қызыл батырмасы бар бұл терминал арқылы жедел басқару орталығына шұғыл көмек үшін жүгінуге болады.

Одан бөлек республика бойынша оның ішінде Саран қаласында да «Азаматтардың хабарламаларын қабылдау процесінің бірізділігі» жобасы аясында 102 мобильді қосымшасы  іске қосылған.  Әзірленген қосымшаның көмегімен  тұрғындар жасалған құқық бұзушылықтар немесе қылмыс туралы ақпаратты жібере алады. Оның көмегімен тіпті өтініш беруге, аудио немесе бейне қоңырау арқылы байланысқа шығуға, қызмет алуға, қоңырау шалушының координаттарын көруге,  өтініш берушімен мәтіндік хат алмасуды жүзеге асыруға болады.

- Азаматтардың хабарламаларын қабылдаудың бірегей процесі ішкі істер органдарының бірыңғай терезесінде әртүрлі коммуникация арналары арқылы азаматтармен өзара әрекеттесуге мүмкіндік береді, - деп өз сөзінде атап өтті Ерлан Оспанов.

Кездесу барысында  «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Саран қалалық филиалының төрайымы Жұмабике Токушева  ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп,   зор денсаулық тіледі.

Сонымен қатар, Саран қаласы полиция бөлімінің бастығы Ерлан Бітімбайұлы  ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай   «Мир добра» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Татьяна Абрамованы қоғамдық тәртіпті қорғауға белсенді қатысқаны үшін алғыс  хатпен марапаттады.

Шара соңында  Ерлан Оспанов барлық қатысушыларды  қалалық полиция бөлімінің қабырғасында ашылған мұражайға апарды. Мұражайдың ішіне кірген бетте  Саран қаласында қызмет еткен ардагерлердің кезінде қолданған заттарын, жол қызметкерлерінің таяқшаларын, суреттерін көруге болады. Бөлменің дәл ортасында  қырық жылдан артық тарихы бар, ең алғаш рет қалалық милиция (қазіргі полиция)  ашылғаннан бері келе жатқан жұмыс үстелі тұр. Ішкі істер бөлімінің басшыларына,  ардагерлеріне деген ерекше ықылас бөлінген.

Мұражайда еңбек жолын Саран қаласында бастаған Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі полиция генерал - лейтенанты Ерлан Заманбекұлы Тұрғымбаевқа, әділет генерал - майоры Әлімжан Ахмадиұлы Ахмадинге, полиция генерал - майоры Нұрлан Армияұлы Рахимберлинге «Әріптестерімізді мақтан тұтамыз» атты бөлімі арналған. 

«Бұл музейді ашқанымызға бір жылдың көлемі болды. Жәдігерлердің барлығын біздің ардагерлердің балаларынан, немерелерінен, туған-туысқандарынан алдық», - деп атап өтті Саран қаласы полиция бөлімінің бастығы Ерлан Оспанов.

Алдағы уақытта да мұражайдың іші жаңа жәдігерлермен, естеліктермен  толықтырылатын болады.

 

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА

Фото: Камила ОСПАНОВА