Бүгін: 20.05.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

«ТІЛ – ЖҰРТТЫҢ ЖАНЫ. ТІЛІНЕН АЙЫРЫЛҒАН ЖҰРТ – ЖОЙЫЛҒАН ЖҰРТ» - ДЕП ХАЛЕЛ ДОСМҰХАМЕДҰЛЫ АТАМЫЗ АЙТҚАНДАЙ, ТІЛ – ХАЛЫҚ ҚАЗЫНАСЫ, ҰЛТТЫҢ ЖАНЫ. АЛ ҰЛТТЫҢ БОЛАШАҒЫ – АНА ТІЛІНДЕ. ӘР ҰЛТТЫҢ ТІЛІ – ОНЫҢ БАҚЫТЫ МЕН ТІРЕГІ.

Елдің бәсекеге қабілеттілігінің өлшемдері қатарында оның мемлекеттік тілінің басым тұруы маңызды. Елбасы: «2025 жылға қарай қазақ тілі өмірдің барлық салаларында үстемдік құра бастайды, барлық жердегі қарым-қатынастың тіліне айналады. Және бұл, сөзсіз, біздің мемлекетіміздің өте маңызды жетістігі болады» («Қазақстан-2050» Стратегиясынан), - деген болатын. Тәуелсіздігіміздің ширек ғасырында қол жеткен жетістіктеріміз әлем назарына ілігіп, елімізді әйгіледі. Әйтсе де мемлекеттік тілге келгенде, кеудемізді кере мақтан тұтарлық деңгейге жете алмай жүргенімізді мойындамасқа шара жоқ. Тілдің қамын дер кезінде діттеген елдерде аталмыш мәселе күн тәртібінен түскелі қашан.

Халықаралық тілдер санатындағы орыс тілінің мерейі де елімізде ересен. Ал тарихи орны, мемлекеттік мәртебесі тұрғысынан елімізде осы екі тілден биік тұруы тиіс қазақ тілін әлдендіру, өз тұғырына қондыру мәселесі әлі күнге күн тәртібінен түспей тұрғанын жоққа шығара алмаспыз.

Жуырда Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы жанындағы Ресурстық тіл орталығының ұйымдастыруымен латын графикасына негізделген қазақ жазуының емле ережелерін үйретудің үздік әдістемесін анықтау мақсатында Ахмет Байтұрсынов атындағы «Үздік әдістеме» атты облыстық байқауы өткізілген болатын.

Ондағы мақсат - шығармашыл және өзіндік идеясы бар, әдістемелік шеберлігі зор, кәсіби әлеуеті жоғары оқытушыларды таныту, ынталандыру, латын негізді қазақ тілінің емле ережелерін меңгертудің жаңашыл әдіс-тәсілдерін, озық үлгідегі педагогикалық тәжірибелерді анықтау, мемлекеттік тіл саясатын насихаттау, қазақ тілі оқытушыларының қоғамдық мәртебесі мен беделін арттыру, қазақ тілін үйрету ісінің сапасын арттыру, қазақ тілін оқыту процесінде пайдаланатын жаңа әдістерді, авторлық бағдарламаларды анықтау және насихаттау болды.

Байқау ережеге сәйкес үш кезеңнен тұрды. Байқаудың іріктеу кезеңінде комиссия мүшелері 11 үміткерден келіп түскен жұмыстарды тексеріп, олардың арасынан 7 үміткер келесі кезеңге өтті.

Келесі екінші кезеңде ұйымдастырушылар тарапынан ұсынылған тақырыпқа сәйкес қатысушылар тарапынан әзірленген 15 минуттық бейнесабақ үлгілері сараланып, сыннан сүрінбей өткен үміткерлер іріктелді.

Ал соңғы үшінші кезеңде екінші турдан өткен қатысушылар өздерінің сабақ үлгілерін қазылар алқасының алдында қорғап шықты (ұзақтығы 20 минуттан аспауы тиіс болатын). Олардың қатарында Саран қаласының тілдерді дамыту орталығының оқытушысы Бақыт Нукич те болды.

Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің доценті, ф.ғ.д., Ұлттық комиссия жанынан құрылған орфографиялық жұмыс тобының мүшесі Мархаба Тұрсынова, Е. А.  Бөкетов атындағы ҚарУ профессоры, ф.ғ.к., Қазақ тілінің практикалық курсы кафедрасының меңгерушісі Бақыт Айтбаева, сонымен қатар, № 6 ЖОББ мектептің директоры Мұратбек Сүлейменов, «Qaz Лингва» орталығының директоры Гүлназ Мұстағұлова және 2020 жылғы «Үздік әдістеме» облыстық байқауының жеңімпазы Береке Жарылғапова қазылық еткен облыстық байқауда І орын әл-Фараби атындағы мектеп-гимназиясының қазақ тілі мұғалімі Әсел Тойымбековаға берілді.

Ал жерлесіміз Бақыт Ахметқызы жүлделі екінші орынды иеленді. IІІ орын Осакаров ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің әдіскері Райхан Балтабаеваға бұйырды.

«Үздік әдістеме» облысымыздағы ең беделді байқаулардың бірі. Облыстық кезеңнен 1-орынды жеңіп алған тіл мамандары қазақ тілі оқытушыларының арасындағы А. Байтұрсынұлы атындағы республикалық байқауына қатысады. Биылғы жылы тілді үйретуде инновациялық озық әдіс-тәсілдерді қолдану, сабақты онлайн/офлайн форматта шебер жүргізу, 5 деңгей бойынша тіл үйретудің қыр-сырын меңгерген Саран қаласының тілдерді дамыту орталығының оқытушысы Динара Жупенова беделді байқаудан бас жүлдені қанжығалап келген болатын.

Ал енді мына облыстық деңгейдегі байқауда тағы осы Саран қаласының тілдерді дамыту орталығының әдіскері Бақыт Нукич ханым жүлдемен оралып, аталған орталықтың мәртебесін тағы бір есеге арттырды. Бұл дегеніңіз біздің шаһардағы Береке Жарылғапова ханым басқарып отырған тіл орталығы мамандырының біліктілік деңгейінің ең жоғары деңгейде екендігінің бірден-бір көрсеткіші.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар. Ана тіліміз Мәңгілік елімізбен бірге мәңгілік тіл болды! Оны даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн», - деуінде терең мән жатыр.

Ол үшін бәріміз бір адамдай бірігіп, «бір жағадан – бас, бір жеңнен - қол шығарып» әрекет етуіміз қажет.

Байқау Ахмет Байтұрсынұлы атындағы байқау болғандықтан, сол Аханның өзі айтпақшы: «Аққу, шортан һәм шаянның» тірлігін кешудің ендігі жерде еш қажеті жоқ.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ