Бүгін: 20.05.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

ҚАЛАМЫЗДА  САРАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР БӨЛІМІ ХАЛЫҚ  ЖАППАЙ ЖИНАЛАТЫН ОБЪЕКТІЛЕРДІҢ ҚАУІПСІЗДІГІН ТЕКСЕРУ ҮШІН «ЗА БЕЗОПАСНОСТЬ ВМЕСТЕ» АТТЫ АКЦИЯСЫН ӨТКІЗДІ.

Таяуда Саран қаласының төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары қаламызда тұрғындар  жиі баратын сауда орталықтары мен нысандарда болып қайтты. Ондағы мақсат  –  өрт қауіпсіздігі шаралары қалай қолға алынғандығын байқау және  баршаға қойылатын жалпы талаптар қалай орындалатынын көзбен көру.

 Сауда орталықтары бір мезгілде көптеген адамдар болатын  кең жабық алаң болып табылады. Сондықтан да мұндай сауда желісінің жұмысы міндетті түрде өрт қауіпсіздігі ережесіне сай болып, өртке қарсы қауіпсіздік мұқият ойластыруы тиіс.  Қалалық ТЖ бөлімінің қызметкерлері  «За безопасность вместе» акциясын биыл бірнеше рет өткізген. Осы жолы  «Спорттовары» сауда орталығына барып, № 24 өрт сөндіру бөлімінің мамандары адам көп шоғырланатын нысанның картасымен танысып,   ғимараттың қауіпсіздік талаптары қалай орындалатындығын, әрі құжаттарын тексеріп қайтты. «Апат айтып келмейді. Сондықтан кез келген сауда орталықтары мен нысандар бәріне  дайын болу тиіс», - дейді мамандар.

-  «За безопастность вместе» акциясы барысында  біз тұрғындарға өрт оқиғасын алдын алу, өрттен туындайтын зардаптарды, оның ішінде  адам өміріне қауіп тудыратын жағдайларды болдырмау үшін сақтық шараларын түсіндіреміз, - деп атап өтті Саран қаласының төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері Лаура Алпысбаева.

Одан бөлек, тұрғындарға өрт сөндіргіш баллонымен қалай дұрыс қолдану керектігі көрсетілді. Төтенше жағдайда адамның өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету  және эвакуациялау жолдары  түсіндірілді.

Осындай акция «Optima» супермаркетінде, «Мой март» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде  және «Азия» сауда үйінде  өткізілген болатын. Төтенше жағдайлар бөлімі әр нысанда өрт қауіпсіздігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ақпараттық парақшаларды таратты. Ескертпелерде  өртті болдырмауға, тіпті өрт болған жағдайдағы тәртіп ережесі  жазылған. Ондағы ең басты ереже – сабырлық сақтау және ішкі үрейдің пайда болуына жол бермеу делінген.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА

Фото: Камила ОСПАНОВА