Бүгін: 20.05.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

БИЫЛ «ҚАРЛЫҒАШ» ВОКАЛ ТОБЫНЫҢ САХНА ТӨРІНДЕ ӘСЕМ ӘНДЕРІМЕН КӨРЕРМЕН ҚАУЫМҒА ҚУАНЫШ СЫЙЛАП ЖҮРГЕНДЕРІНЕ – 19 ЖЫЛ.

«Ақ шаңырақ» қазақ халқының әдет-ғұрып, салт дәстүрін қайта жандандыру ұлттық мәдени бірлестігі  тілдерді қолдану және дамыту бағдарламасына сәйкес мемлекеттік тілді  насихаттау бағытында осы күнге дейін кент тұрғындарын өзінің өнерімен тамсандыруда.  Атадан-балаға мұра болып қалған қазақ халқының салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын ұлықтап жүрген бірлестік түрлі жанрдағы театрландырылған көріністерді сомдап, ән мен күйден шашу шашып көптің жүрегінен орын алуға үлгерді.  

Бірлестік «Рухани жаңғыру  бағдарламасы аясында «Шілдехана», «Бесікке салу»,  «Қырқынан шығару, «Тұсау кесу», «Құда түсу», «Келін түсіру», «Бата беру»,  «Отау көтеру», «Арқан керу», «Жарапазан» және тағы басқа қазақтың салт-дәстүрімен кент тұрғындарын таныстырып келеді.  Қазіргі таңда бірлестіктің көркемөнерпаз ұжымына  «Ақ әже мен аталар» вокал тобы, жас ұстаздардан құралған «Гүлдер-ай» және балалардың өнерін аша түсетін «Қарлығаш» вокал тобы кіреді.

Бүгінде «Қарлығаш» вокал тобында жиырма өнерпаз бар. Оған 7 жастан бастап 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер қабылданады. Топтың алғашқы қатысушылары Тәуелсіздікпен құрдас.

«Осы ұжымда «Қарлығаш» балалар вокал тобы 2002 жылдан бастап құрылды. Топты құрған себебіміз, алғаш «Ақ шаңырақ» ашылмай тұрғанда № 16 мектепте аралас қазақ мектебі ашылған болатын. Онда көп балалы отбасылардың балалары Ақтас кентінің мәдени-сауық орталығынан ашылған «Балапан» клубына қатысып жүрді. Содан орталық ашылған соң концерттік бағдарлама дайындау керек болды. Өнерлі балалар мен әжелер жастарды тарта бастады. Содан балалар келіп өз өнерлерін ортаға салды. Балалардың шығармашылық қабілетін байқап, біз  топ құрайық деп шештік», - деп «Қарлығаш» вокал тобының жетекшісі Света Супьянова топтың пайда болу тарихымен бөлісті.

 Топтың алғашқы орындағына әні – Қарлығаш  әні болған. Міне, сол себепті осы күнге дейін көркемөнерпаз ұжымы «Қарлығаш» вокал тобы деп атала бастаған. Өзге топтардан бір ерекшілігі - келушілер тек ән айтуды үйреніп қоймай, қазақтың  ұлттық ойындарын ойнайды, тарихимен танысады, мәнерлеп оқудан жаттығады, байқаулардан бақтарын сынайды. Света Жолдыбайқызының айтуынша, қазір қатысып жүрген балалар өте өнерлі, сегіз қырлы-бір сырлы. Топтың жетекшісі балаларға  эстрадамен, жанды дауыспен, баянмен емін-еркін ән айтудың қыр-сырымен таныстырып, шығарманы түсініп орындауға үйретеді.

Келер жылы топтың құрылғанына жиырма жыл болмақ. Осы уақыт  аралығында  қаншама жас өнермен қанаттанып, өзінің шығармашылығын шыңдауға үлгерген.  Топ жетекшісі қаншама жылдар өтсе де, түлеп ұшқан шәкірттерінің есімін жадында ұстап, жүрегінде сақтап келеді. 

 «“Қарлығаш” вокал тобының мүшелері облыстық, қалалық байқауларға қатысып жүлделі орындарға  ие болды. Бақытжанова Аида 2009 жылы сол кездегі Астана (қазіргі Нұр-Сұлтан) қаласында өткен республикалық байқауға қатысып дипломант атанды. Одан 5-сыныптан бастап Қарағанды қаласының музыка мектебіне түсіп, оны аяқтағанша «Қарлығаш» вокал тобына қатысып отырды. Қазір елордағы Республикалық «Шабыт» өнер университетінде  грантқа түсіп, 2 курс студенті. Шаймұрат Жансая мед.училищені бітірген,  «Жан шуағы»  байқауына қатысып «Көрермен көзайымы»  номинациясын иеленді. Нажмедин Анара бір ауыз қазақша білмей келген, әжесімен еріп келіп, өзі де ән айтамын деп  келген болатын, әжесі «Ақ әже» вокал тобына қатысқан еді.  Қазір Е.А.Букетов атындағы университетте дизайнер факультетінде  оқиды. Нажмедин Анара туралы айтсақ, қазір өзі авторлық әндер жазып, гитарамен орындайды. Биылға дейін  «Қарлығаш» тобына қатысып келді», - дейді топ жетекшісі.

Ағымдағы жылы «Қарлығаш» вокал тобы әдемі сахналық көйлектермен толықты.   Өзге ұлт өкілдерінің әндерін үйреніп, түрлі байқаулардан бағын сынап келеді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылатын шараларға белсене араласады. Карантинге  дейін «Көктем ару», «Қыз сыны» сынды түрлі іс-шаралар дәстүрлі түрде өткізілетін.

«Карантин уақытында балалар үйден дайындалып, «Біз ән салуды ұнатамыз», «Біз біргеміз» және тағы басқа  әндерді  үйден дайындалды. Сабақ үзілген жоқ. Мәдени-сауық үйінде өтетін барлық шараларға «Қарлығаш» вокал тобы онлайн  болсын, басқа болсын  бір кісідей қатысып отырды. Бұрынғы уақытта ата-аналарымен кеш өткізетін едік, аналар мерекесіне, балалармен концерт дайындаймыз, дастарханға шақырамыз, «Көгілдір от»  тағы басқа кештер өткізетінбіз. Қазіргі пандемия уақытында сақтық шараларын сақтап, дайындық жұмыстарын жасап жатырмыз. Алдағы уақытта да «Қарлығаш» вокал тобымен жұмыс жасаймыз», - деп өз сөзінде атап өтті топ жетекшісі.

Қоржынында  отыздан астам  репертуары бар ұжым қалалық, облыстық, республикалық мәдени шараларға әрдайым атсалысып, әуезді әндерімен жанға жылулық сыйлап, иірімді нота толқынымен бойды баурап, көңілді жадырата түседі. Сонымен бірге түрлі конкурстарға, байқауларға қатысып, деңгейлерін, шеберліктерін шыңдап, үнемі шығармашылық ізденісте жүреді.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА

Суреттер: «Қарлығаш»

вокал тобының архивынан алынған