Бүгін: 20.05.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

30 ҚАЗАН КҮНІ  ТАҢ СӘРІДЕН БАСТАП  ҚАЛАЛЫҚ «СҰҢҚАР» СТАДИОНЫНЫҢ АЛАҢЫНДА  ТҰРҒЫНДАР ҮШІН «АУЫЛ – БЕРЕКЕ» АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘРМЕҢКЕСІ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ.

Биыл жәрмеңкеге Абай, Қарқаралы, Жаңаарқа, Бұқар жырау аудандарының, Шахтинск, Теміртау, Қарағанды қалаларының ауыл шаруашылық тауар өндірушілері мен Саран қаласының тауар өндірушілері өз өнімдерін ұсынған. Сондай-ақ, ұйымдастырушылар Саран қаласы тұрғындарының тілектерін ескере отырып,  жәрмеңкеде көкөніс өнімдерінің ассортиментін ұлғайтқан. Осы арқылы қыстың қамын ойлаған тұрғындарға көкөністерді  молынан қаппен сатып алу мүмкіндігі берілді.

Жәрмеңкеде ірі қараның, қойдың, шошқаның еті,  қолдың сары майы мен ақ ірімшігі, құрттың, тәттінің, балдың түр-түрі, жиміс-жидектер мен дәруменге бай көкөністер, асханаға керек заттар мен жылы киімдер, балықтың ірілі-ұсағына дейін осының барлығы  халыққа қолжетімді бағада сатылды. Арзан да сапалы өнім  тұрғындардың қалтасын ортайтпай, қоржынын қомпайтты.

Ашық аспан астында жайылған базарда жыл сайын келіп тұратын кәсіп иелерін көруге болады. Солардың бірі – Андрей Власюк. Жеке кәсіпкер Шахтинск қаласынан келіп, жәрмеңкеге 400 келідей шошқаның етін әкелген.

«Жәрмеңке жақсы өтуде. Адамдар келіп жатыр. Бірақ айдың басында  жалақы түскен уақытта өткенде тіпті жақсы болар еді»,- деп атап өтті Андрей Власюк.

Қарқаралы ауданының Прогресс совхозынан келген Айгүл Сәтбекова да жәрмеңкеге жиі келеді. Өзінің жеке шаруа қожалығын ұстайды.

«Бүгінгі жәрмеңке жақсы өтіп жатыр. Жәрмеңкеге 1 тонна сиыр етін әкелдім», -  деді Айгүл Сәтбекова.

Жеңілдетілген бағамен үйге керек азық-түліктерді сатып алған  тұрғындардың қуанышында шек жоқ.  Көкке тойған қой мен ірі қара еті көпшілікті қызықтырмай қоймайды.

-  Өте ұнап жатыр. Бәрі бар. Өте жақсы. Бағасы да қолжетімді. Елдің бәрі риза деп ойлаймын. Күн де жақсы жылы боп тұр. Бәрі молынан, -  деді Саран қаласының тұрғыны Сайрангүл Сергазинова.

Ұйымдастырушылардың  айтуынша, сол күні 3 000-ға жуық қала тұрғыны ауыл шаруашылық  өнімдерінің жәрмеңкесіне қатысқан.

«Жәрмеңке барысында қала тұрғындары мен қонақтарына 90 тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімдері мен халық тұтынатын тауарлар, оның ішінде 26 тоннадан астам ет, 5 тонна сүт және сүт өнімдері, 6 тонна бакалея өнімдері, 50 тоннадан астам көкөністер мен жемістер, шұжық және кондитерлік өнімдер, бал және басқа да тауарлар сатылды. Жәрмеңкеге қатысушылар мен қонақтардың денсаулығын сақтау мақсатында карантиндік шектеулер жағдайында іс-шараларды өткізу бойынша барлық ұсынымдар сақталды» - деп атап өтті Саран қаласының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Дастан Арнешев.

Саран қаласында «Ауыл-Береке» ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі биыл үш рет ұйымдастырылған. Енді келесі жәрмеңке тек келер жылы болмақ.

  

  

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА

Суреттерді түсірген:

Камила ОСПАНОВА