Бүгін: 20.05.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ ӨТКЕН ЖЫЛҒЫ ЖОЛДАУЫНДА БЕРІЛГЕН ТАПСЫРМАСЫН ІСКЕ АСЫРУ ҮШІН АУДАНДЫҚ МАҢЫЗЫ БАР ҚАЛАЛАР, АУЫЛДАР, КЕНТТЕР, АУЫЛДЫҚ ОКРУГТЕР ӘКІМДЕРІНІҢ ТІКЕЛЕЙ САЙЛАУЫН ЕНГІЗУ МӘСЕЛЕЛЕРІ БОЙЫНША ЗАҢ ЖОБАЛАРЫ ӘЗІРЛЕНДІ. ОСЫ ЖЫЛЫ 24 МАМЫРДА МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ «ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ САЙЛАУ ТУРАЛЫ» ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ЗАҢЫНА ӨЗГЕРІСТЕР МЕН ТОЛЫҚТЫРУЛАР ЕНГІЗУ ТУРАЛЫ» ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ЗАҢЫНА ҚОЛ ҚОЙДЫ.

Шынында да, тәуелсіздік жылдарында азаматтардың саяси мәдениеті жаңа деңгейге көтерілді. Жергілікті жерлерде әкімдердің тікелей сайлауын енгізу еліміздің саяси жүйесін жаңғырту нәтижелерін нығайтуға мүмкіндік береді.   Әкімдердің сайланбалылығы бұрын да болған, бірақ ол тікелей емес еді. Әкімдерді мәслихаттар сайлады. Енді «Сайлау туралы» Конституциялық заңға енгізілген толықтыруларға сәйкес азаматтардың өздері аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің және ауылдық округтердің әкімдерін сайлайтын болады.

Осыған орай, 25 шілдеде елімізде ауылдық округ әкімдерінің сайлауы өткені белгілі. Ақтас кентінде халық өз таңдауын жасады. Кент халқының таңдауы Бауыржан Акановқа түсіп, дауыс берді. Кент әкімін тікелей сайлау науқанында 4 кандидаттың арасында оқ бойы оза шығып, Қарағанды облысы Саран қаласына қарасты Ақтас кентіне басшы болып сайланған әкім - Қарағанды облысы Қарқаралы ауданына қарасты Қарағайлы кентінде туып өскен. Туған жылы – 1988 жыл. Еңбек жолын 2010 жылы Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданы бойынша салық басқармасында бастаған. Содан 10 жылдан астам уақыт салық жүйесінде жұмыс жасады. 2020 жылдың маусым айынан бастап биылғы жылға дейін «Саран қаласының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі» мемлекеттік мекемесінде бөлім басшысы болып бір жылдан астам уақыт қызмет етті. Ал одан кейін кент әкімі болып сайланғанға дейін Ақтас кенті әкімінің орынбасары қызметін атқарып келді. Енді әкім ретінде қызмет етіп, Ақтас кентін көркейтуге үлес қоспақшы.

Біз де жаңа әкіммен тілдесіп, сайлау науқанына қатысты бірер сұрақтарымызды қойып, ойын білген едік.

- Кешегі тарихи сәтте халықтың сеніміне ие болдыңыз. Құтты қызмет болсын! Сайлау барысы қалай өтті?

- Биыл ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізу туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында тапсырма берілген болатын. Осыған сәйкес ауыл тұрғындары өз әкімдерін өздері сайлауға мүмкіндік алды. Сайлау барысы өте жақсы өтті. Ешқандай құқық бұзушылықтар, келеңсіз жағдайлар орын алған жоқ. Халықтың емін-еркін келіп, өз таңдауын жасауына барлық мүмкіндік қарастырылды. Кент тұрғындары сайлауға белсенді қатысып, өз таңдауларын жасады.

- Алдағы жоспарларыңыз туралы айтып өтсеңіз?

-Сайлауалды бағдарламамдағы жұмыстарды толықтай атқарып, алға қойған мақсат-жоспарларымды орындау. Сондай-ақ жұмыс барысына кіріскеннен кейін әрі қарай Ақтас кентін көркейту бағытында жүйелі жұмыстар істеп, елде шешімін таппай жүрген мәселелердің шешімін табуға, елім үшін қызмет етуге барымды саламын.

- Биылғы жылдан бастап ауылдық округ әкімдерін халықтың өзі сайлап жатыр. Саяси науқандағы ерекшелікке көңіліңіз тола ма?

- Алғаш рет елімізде ауыл әкімдерінің сайлауы халықтың қатысуымен және өз таңдауымен ерекшеленіп өтті. Сайлау науқанында халықтың белсенділігі жоғары болып, сайлаудағы бақылаушылар да өз қызметтерін жақсы атқарды. Жаңа жоба халық үшін өз таңдауын жасауға үлкен мүмкіндік берді. Тарихи күнде кент әкімін сайлау халық үшін маңызды болды деп есептеймін.

- Облыстық деңгейдегі мемлекеттік мекемелерде 10 жылдан астам уақыт салық саласында қызмет еткен азамат не себепті ауылда еңбек етуді таңдады?

- Мен өзім де ауылдың баласымын. Сол үшін де ауылда еңбек еткім келді. Ауыл тіршілігі маған қатты ұнайды. Бәрі де ауылдан басталады емес пе?! «Мәскеуге апарар жол - біреу» деген сияқты, үлкен мегаполистерге апаратын жол ауылдан басталады. Қазақстан - аграрлы ел. Жер көлемі бойынша дүние жүзінде тоғызыншы орында. Ауыл шаруашылығын, егін, мал шаруашылығын дамытуға өте қолайлы климаттық жағдайы, жайылымдық жері бар мемлекет. Біз осы потенциалды әлі толық пайдалана алмай отырмыз. Ал пайдалану үшін ауылға қол ұшын созуымыз керек.

Фариза Оңғарсынова айтқандай, «Қазақстан - жас мемлекет. АҚШ сияқты 300 жыл өмір сүрген, қалыптасқан мемлекет емес. Тәй-тәй басқан бала сияқты енді жетіліп келеміз. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін «не бересің» деп Үкіметтен сұраудың орнына «туған жеріме өзім не бердім» деп сұрау керек». Әкім болып сайлану көлікке мініп, әдемі галстук тағып жүру емес, бұл – елге қызмет ету.

- Бәрекелді ендеше! Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға рақмет!

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ