Егер сіз шет елге шығуға жиналып жатсаңыз, сізге Қазақстанның сот органдарының ресми құжаттары қажет болуы мүмкін. Бұл құжаттар шетелде жарамды болуы үшін олар апостиль қою немесе консулдық заңдастыру рәсімінен өтуі керек.
Апостиль дегеніміз - құжатқа қол қойған тұлғаның қолының және оның өкілетілігін растайтын, сондай-ақ, осы құжат бекітілген мөрдің түпнұсқалығын қағаз түрінде куәландыратын арнайы мөртаңба.
Апостиль қою 1961 жылғы 5 қазандағы Гаага Конвенциясына қатысушы елдердің аумағында қолдануға арналған құжаттардың түпнұсқалығына және тиісінше ресімделуіне кепілдікті қамтамасыз ету мақсатында жүргізіледі.
Консулдық заңдастырудан айырмашылығы - апостильдеу аз уақытты алады және апостиль қойылған құжаттарды бір емес, әртүрлі елдерде қолдануға болады.
Апостиль қоюға өтініштерді қабылдау «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ немесе «Электрондық үкіметтің» веб-порталы арқылы жүзеге асырылады.
Аталған мемлекеттік қызметті алу үшін келесі құжаттар қажет:
1) нысаны «Сот органдарынан шығатын ресми құжаттарға апостиль қою» мемлекеттік көрсетілетін қызмет қағидасымен бекітілген өтініш;
2) жеке басын куәландыратын құжат немесе цифрлық құжаттар сервисінен электрондық құжат (сәйкестендіру үшін);
3) апостиль қою үшін ұсынылатын сот органдарынан шығатын ресми құжат;
4) Сіздің мүдделеріңізді үшінші тұлға ұсынған жағдайда, нотариалды куәландырылған сенімхат;
5) аты-жөніңіздің өзгергенін растайтын құжаттың көшірмесі (салыстыру үшін түпнұсқасын ұсына отырып);
6) мемлекеттік қызмет көрсету үшін мемлекеттік бажды төлегеніңіз туралы түбіртек.
Баждың мөлшері әрбір апостиль қойылатын құжат үшін бір айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) 50 пайызын құрайды. Мемлекеттік баж екінші деңгейдегі банктер немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар, сондай-ақ (ЭҮТШ) ЭЛЕКТРОНДЫҚ ҮКІМЕТТІҢ ТӨЛЕМ ШЛЮЗІ арқылы төленеді. Биылғы жылға апостиль үшін баж салығы – 2162,5 теңге.
Мемлекеттік бажды төлеуге арналған реквизиттер Қарағанды облыстық сотының ресми сайтының «Мемлекеттік қызмет көрсету» бөлімінде және Сот әкімшілігінің Қарағанды облысы бойынша Департаментінің ғимаратында арнайы стендте орналастырылған.
«Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Халыққа қызмет көрсету орталықтары өтінішті қабылдағаннан кейін мемлекеттік қызмет көрсетуші органға, яғни Сот әкімшілігінің Депаратаментіне тапсырады.
Департаменттің мемлекеттік қызмет көрсетуге жауапты маманы өтініш пен оған қоса берілген құжаттарды «Сот органдарынан шығатын ресми құжаттарға апостиль қою» қағидасы бойынша сәйкестігін тексеріп, апостиль қою үшін ұсынылған ресми құжатты рәсімдеуге кіріседі. Нәтижесінде сот органынан шыққан, қағаз жүзіндегі ресми құжатқа арнайы штамп – апостиль қойылады.
Сот әкімшілігі Департаментімен мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі – 1 жұмыс күні. Өтініштерді Халыққа қызмет көрсету орталықтарымен қабылдау күні мемлекеттік қызмет көрсету мерзіміне кірмейді.
Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органның атына келіп түскен қызмет алушының шағымы тіркелген күнінен бастап он бес жұмыс күні ішінде қаралуға жатады.
Өтініштерді қабылдау және мемлекеттік қызметті көрсету нәтижелерін беру жұмыс күндері 09.00-ден 18.30-ға дейін жүзеге асырылады.
Саран қалалық соты





