Бүгін: 23.09.2026
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Қазіргі қоғамды ақпараттық технологияларсыз елестету мүмкін емес. Интернет пен әлеуметтік желілер күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Әсіресе жастар үшін цифрлық кеңістік – білім алу, жаңа ақпарат іздеу, қарым-қатынас жасау, шығармашылықпен айналысу және өз мүмкіндіктерін жүзеге асырудың маңызды құралы. Алайда ақпараттық технологиялардың мүмкіндіктерімен қатар, оның қауіптері де бар. Сондықтан бүгінгі таңда жастардың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ақпаратты дұрыс қабылдау мәдениетін қалыптастыру өзекті мәселелердің бірі болып отыр.

Ақпарат ағынының көлемі күн сайын артып келеді. Әлеуметтік желілерде әртүрлі мазмұндағы мыңдаған жарияланымдар таралады. Олардың арасында пайдалы әрі шынайы ақпаратпен қатар, жалған мәліметтер, арандатушылық сипаттағы материалдар, манипуляциялық контент және адам санасына кері әсер ететін ақпараттар да кездеседі. Осындай жағдайда жастардың ақпаратты саралай білуі ерекше маңызға ие.

Ақпараттық қауіпсіздіктің маңызды құрамдас бөлігі – медиасауаттылық пен сыни ойлау. Кез келген ақпаратты көрген кезде оны бірден қабылдап немесе тарата салмай, ең алдымен дереккөзін анықтап, мәліметтің қаншалықты сенімді екеніне назар аударған жөн. Ақпаратты бірнеше сенімді дереккөз арқылы салыстыру, авторы мен жарияланған уақытын тексеру – жалған ақпараттан қорғанудың қарапайым тәсілдері.

Жастардың интернеттегі жеке қауіпсіздігі де назардан тыс қалмауы тиіс. Қазіргі таңда кибералаяқтық, жалған аккаунттар арқылы алдау сияқты қауіптер кең таралған. Осыған байланысты жеке мәліметтерді, құпиясөздерді және банк карталарына қатысты ақпараттарды бөгде адамдарға бермеу қажет. Күмәнді сілтемелерді ашпау, белгісіз файлдарды жүктемеу, күрделі құпиясөздерді пайдалану және екі деңгейлі қорғау жүйесін қосу – цифрлық қауіпсіздікті арттырудың тиімді жолдары.

Ақпараттық кеңістікте жастардың санасына теріс идеологиялардың ықпал ету қаупі де бар. Әсіресе әлеуметтік желілер мен түрлі интернет-платформаларда деструктивті идеяларды насихаттайтын материалдар таралуы мүмкін. Мұндай контенттің мақсаты – адамның эмоциясына әсер ету, оның көзқарасын өзгерту немесе белгілі бір әрекетке итермелеу болуы ықтимал. Сондықтан жастардың сыни ойлау қабілетін дамыту, заңға қайшы және күмәнді контентті ажырата білу дағдыларын қалыптастыру – профилактикалық жұмыстың маңызды бағыты.

Бұл ретте ақпараттық қауіпсіздік мәселесі тек жастардың өзіне ғана қатысты емес. Ата-аналар, педагогтер, мемлекеттік органдар және азаматтық қоғам өкілдері бірлесіп жұмыс жүргізген жағдайда ғана нәтижелі ақпараттық орта қалыптастыруға болады. Жастармен ашық диалог орнату, олардың сұрақтарына түсінікті жауап беру, ақпараттық және құқықтық сауаттылығын арттыру бағытындағы кездесулер ұйымдастырудың маңызы зор.

Сонымен қатар интернетті тек қауіп көзі ретінде қарастыру дұрыс емес. Цифрлық технологиялар жастарға білімін жетілдіруге, кәсіби тұрғыдан дамуға, пайдалы жобаларға қатысуға және қоғам өміріне белсенді араласуға кең мүмкіндік береді. Ең бастысы – бұл мүмкіндіктерді қауіпсіз әрі жауапкершілікпен пайдалана білу.

Жастардың ақпараттық қауіпсіздігі – қоғамның жалпы қауіпсіздігінің маңызды бөлігі. Ақпаратты талдай алатын, жалған мәлімет пен шынайы ақпараттың ара-жігін ажырата білетін, өз құқықтары мен міндеттерін түсінетін жас – цифрлық қоғамның жауапты мүшесі.

Сондықтан әрбір жас «Ақпаратты көрдім – тексердім – сараладым – содан кейін ғана бөлістім» деген қағиданы ұстанғаны жөн. Ақпараттық сауаттылық пен жауапкершілік қалыптасқан жағдайда ғана интернет кеңістігін білім мен дамудың тиімді құралына айналдыруға болады.

Г. Ханафина,

«Саран қаласының ішкі саясат бөлімі» ММ-нің бас маманы, ақпараттық-түсіндіру

тобының мүшесі