Бүгін: 23.09.2026
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Бүгінде ақпарат адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Телефон, интернет, әлеуметтік желілер арқылы кез келген жаңалықты бірнеше секунд ішінде білуге болады. Ақпараттық технологиялардың дамуы қоғам өмірін жеңілдетіп, адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтерді. Алайда ақпараттың пайдасымен қатар, оған жауапкершілікпен қарау қажеттілігі де артып отыр. Әсіресе, діни және конфессияаралық мәселелерге келгенде ақпаратты дұрыс пайдалану өте маңызды. Себебі әлеуметтік желілерде шынайы ақпаратпен қатар, жалған мәліметтер мен арандатушы ақпараттар да кездеседі. Сондықтан әр адам кез келген ақпаратқа сын көзбен қарап, оның қайдан шыққанын тексере білуі керек.

Осы бағытта ақпараттық топтардың жұмысы ерекше маңызды. Ақпараттық топ мүшелері елді мекендердегі тұрғындармен кездесіп қана қоймай, мектептерге де барып, оқушылармен түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Кездесулер барысында діни сауаттылық, конфессияаралық келісім, бейбітшілік пен тұрақтылық, интернеттегі ақпаратты дұрыс пайдалану мәселелері сөз болады.

Мектептердегі кездесулердің маңызы зор. Себебі бүгінгі жас — ертеңгі қоғамның белсенді мүшесі. Жастардың діни сауатты болуы, түрлі пікірге құрметпен қарауы және күмәнді ақпаратқа ермей, дұрыс шешім қабылдай білуі қоғамның тұрақтылығына әсер етеді. Ақпараттық топтар оқушыларға жат ағымдардан сақтану, әлеуметтік желідегі күмәнді ақпараттарға сенбеу және өзара сыйластықты сақтау жөнінде түсінік береді.

Қазақстан — түрлі этнос пен әртүрлі діни конфессия өкілдері бірге өмір сүріп жатқан мемлекет. Елдегі татулық пен тұрақтылықтың негізінде өзара құрмет пен түсіністік жатыр. Әр адамның діни сеніміне құрметпен қарау — қоғамдағы келісімді сақтаудың маңызды шарты.

Конфессияаралық келісім дегеніміз — әртүрлі дінді ұстанатын адамдардың бір-бірінің сенімін құрметтеп, бейбіт өмір сүруі. Бұл тек діни ұйымдарға ғана емес, бүкіл қоғамға ортақ құндылық.

Ақпараттық қоғамда мұндай түсіндіру жұмыстарының маңызы арта түсуде. Дұрыс әрі сенімді ақпарат жастардың дүниетанымын кеңейтіп, діни сауаттылығын арттыруға көмектеседі. Ал ақпараттық топтардың халықпен және білім беру ұйымдарымен жүйелі кездесулері осы мақсатқа қызмет етеді.

Қоғамдағы бейбітшілік пен келісім — баршамызға ортақ құндылық. Оны сақтау үшін әр адам өз үлесін қоса алады. Ал дұрыс ақпарат таратып, жастар мен тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізетін ақпараттық топтардың еңбегі осы бағыттағы маңызды жұмыстардың бірі болып табылады.

Татулық бар жерде — тұрақтылық бар. Ал тұрақтылық бар жерде — жарқын болашақ бар.

А.С.Мусина,

ОҚК кітапханашысы,

ақпараттық-түсіндіру

тобының мүшесі