
Мемлекеттік қызметшінің бір күні қалай өтеді? Кейде күтпеген жерден адамның өмірі 180 градусқа өзгеруі мүмкін. Барлығы таңдауға байланысты.
Мемлекеттік қызметшілердің кәсіби мерекесіне орай «Саран каласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесінде сектор меңгерушісі Али Марланұлы Муратовпен аз-кем сұхбаттасып көрдік. Әңгімелесу барысында, қарапайым жігіттің алдына қойған мақсатына жеткенін, табандылығы мен еңбегінің нәтижесінде белестерді бағындыра алатынын аңғардық.
Ол Егіндібұлақ ауданының Тәттімбет (бұрынғы атауы Арқалық) совхозының тумасы. 2002 жылы отбасымен бірге Саран қаласына көшіп келген сәттен бастап, өзін жан-жақтан көре бастады. Жастайынан спортқа жақын өскендіктен, No6 жалпы білім беретін мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеп көрді. Кейін Саран қаласының балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв мектебінде бес жылдай грек-рим күресінен жаттықтырушы болды. Біраз уақыт өткен соң, сол жерде шаруашылық бөлімі жөніндегі орынбасары болып жұмыс істеді. Бұл аралықта іштей коммуналдық қызметтерге, құрылыс саласы мен ағымдағы жөндеу жұмыстарына бірте-бірте қызығушылығы оянды. Ішкі түйсігін тыңдай келе, алдына мақсат қойып, өз бағын мемлекеттік қызметте сынап көруді ұйғарды.
«Мақсаты айқын адамның жолы да айқын» демекші, тестілеуден өтіп, бір жыл уақытша келісімшартпен жұмыс істеп, қазір «Саран каласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесінде сектор меңгерушісі лауазымынды қызмет етіп келеді.
- Мемлекеттік қызметші болғаныма еш өкінбеймін. Менің ойымша, адам өз жұмысына бар ынтасымен беріліп, жақсы істеген жағдайда ғана нәтижеге қол жеткізеді, - деп атап өтті Али Муратов.
Оның жұмыс уақыты 09:00-де басталғанымен, көбінесе жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан нысандардың басы-қасынан табылады. Саран қаласында қызу жүргізіліп жатқан жылумен, электрмен, сумен жабдықтау және су бұру бағыттары бойынша тікелей жұмыс істегендіктен, оның әр күні қарқынды өтуде.
- Қала орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылғаннан бері, едәуір өзгеріп келеді. Екінші жыл электрмен жабдықтау бағыты бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі уақытта бізде электр желілерін ауыстыру, сумен жабдықтау жүйесіндегі ысырмаларды ауыстыру жұмыстары атқарылуда. Мердігер ұйымдар келіп, аула аумақтарында тазалау жұмыстарын жүргізуде. Ағаштар кесілуде. Осы және өзге де объектілерге барып, барлығы сметаға сай болуын, сапасын тексереміз. Электр желілері бойынша халықпен кездесеміз, мердігерлермен жұмыс жасаймыз, - деп бізбен күнделікті істеп жүрген жұмысының бір бөлігімен бөлісті.
Себебі, қалада жарық немесе су өшіп қалса, апат болған жерге бригадамен бірге келетін – «Саран каласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің мамандары. Олардың жұмыстары «Саранкоммунсервис» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорыны мен «Сараньтеплосервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен тығыз байланысты. Апаттық бригадамен бірге жүріп, барлығын жіті бақылауда ұстап келеді.
Мемлекеттік қызметші – халық пен билік арасындағы алтын көпір болғандықтан ол ең алдымен адал, әділ, жауапкершілігі жоғары және кәсіби білікті болуы керек. Али Муратов – көбіне тұрғындармен жұмыс істейтін азамат. Тұрғындардың өтініштерін қарастырып, мониторинг жүргізу де оның тұрақты жұмыстарының біріне айналған. Кәсіби мерекеге орай әріптестеріне ел игілігі жолындағы қызметтеріне жаңа жетістіктер, зор денсаулық, мол бақыт, қажымас қайрат пен талмас қуат тіледі.
Мемлекеттік қызметші болу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Отанымыз – Қазақстан Республикасының өсіп-өркендеуі жолындағы қызметтеріңіз жемісті болсын. Мемлекеттік қызметшілер күні құтты болсын!
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА






