
Елімізде маусым айының үшінші жексенбісі – медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Жаздың жайдарлы, шуақты күнімен бірге келген мерекеге орай денсаулық сақтау саласында 36 жылдан артық аянбай қызмет етіп жүрген жоғары санатты медбике Майра Балтабайқызы Халилинаның жұмысымен танысып қайттық.
Ақ халатты абзал жанның айтуы бойынша, медицина саласына бет бұруы кездейсоқ емес. Ол бала кезінен адамдарға көмектесіп, науқастардың сауығып кетуіне үлес қосуды армандаған.
- Мен Жаңаарқа ауданы, Қараағаш ауылының тумасымын. 1986 жылы мектепті аяқтап, білім қуып, бала кезімдегі арманым медбике болу үшін Қарағанды медучилищесіне оқуға түстім. 1989 жылы оқуымды аяқтап, диплом алдым. 1990 жылдың маусым айынан бастап Жаңаарқа ауданына акушер болып жұмысқа орналастым. Өз арманыма қол жеткізіп, содан бері медицина саласында жұмыс істеп келемін. Жаңаарқа ауданында 2011 жылдың қыркүйек айына дейін қызмет етіп, кейін Саран қаласындағы ауруханада медбике болып жұмысқа тұрдым. Қазіргі таңда жоғары санаттағы медбикемін, - деді Майра Балтабайқызы.
Ол өз арманына адал болып, таңдаған жолынан ешқашан тайған емес. Мамандық таңдаудан қателеспей, жүрек қалауын тыңдап, еңбегінен қуаныш тапқан бақытты жан. Жаңаарқа ауданында акушер болып жұмыс істеп жүрген уақытта түрлі жағдаяттармен бетпе-бет келіп, өз қолымен аяғы ауыр келіншектерді босандырып, 117 баланың кіндік шешесі атанды. Қазір сол бір сәттерді езу тарта еске алғанымен, ол кезде шыр етіп дүние есігін енді ашқалы жатқан сәбиге де, анаға да дер кезінде медициналық көмек көрсетуге асығатын. Тіпті кей жағдайда отбасылық дәрігерлік амбулаториядан тыс – үйде, далада босандыруға тұра келетін. Себебі, қандай жағдай болмасын, қиындықтарға қарамастан ана мен баланың өмірін сақтап қалу бірінші кезектегі міндет болатын. Әрдайым өз ісіне шын беріліп, адамға мейіріммен қарап, кәсіби білімі мен тәжірибесін жетілдіріп отырады. Өз сөзімен айтқанда: «Менің мамандығымда ең маңыздысы – адамдармен жұмыс жасай білу, науқас адамдарға көмектесу, түрлі аурулардың алдын алу туралы халыққа дұрыс ақпарат жеткізу». Оның күнделікті жұмысы науқастарды қабылдаудан басталып, оларға жолдама беріп, қажетті түсіндірмелер жасаумен жалғасады. Әр күні бір-біріне ұқсамайды десек қателеспейміз.
- Науқастармен жақсы қарым-қатынаста болу үшін барлығын тануың керек, сол секілді олар да сені жақсы білуі қажет. Сенімділік бар жерде ғана жұмысымыздың нәтижесін көруге болады. Қазір медицина саласында оң өзгерістер көп. Құжаттарды электронды толтыру арқылы қағазбастылық азайып, науқастарды қарауға уақыт көбейді. Техникаларымыз да бірте-бірте жаңартылуда,- деді жоғары санатты медбике.
Ол жұмыста дәрігерлермен бірге халықтың денсаулығын нығайтуға үлес қосса, үйге келгенде жақындарына көңіл бөлетін, дәмді тағамдармен қуантуға асығатын асыл жар, аяулы ана, сүйікті әже. «Жолдасымыз екеуміз Алла берген төрт баламызды жеткіздік. Қазір әрбірі бір-бір саланың маманы»,- деп жанұясы жайлы сұрағанда қарапайым қалпын сақтап, қысқаша ғана қайырды ақ халатты абзал жан. Себебі, бақыт – тыныштықты сүйеді. Жұмысына бар ынта-жігерін арнағандай, дәл солай жанұясына да мейіріммен, қамқорлықпен, сүйіспеншілікпен қарайды. Бос уақытын жақындарымен өткізгенді жақсы көреді. Кино көріп, бірге бір дастарқан басында жиналғанды ұнатады. Өйткені, денсаулық сақтау саласының қызметкерлері үшін бос уақыт алтынмен тең. Сондықтан да олар әр сәтін қадірлей білетін жандар.
- Қаншама жыл бір салада жұмыс істеп келе жатқан соң, кәсіби мерекемізді күтеміз. Медицина қызметкерлерінің еңбегі қаншалықты қиын, әрі маңызды екендігі ескерілсе екен дейміз. Медицина қызметкерлеріне еңбектеріңіз жана берсін. Өзіміздің, еліміздің денсаулығы мықты болсын. Еңбегіміз еленіп, халықтан алғыс қана алайық, - деп әңгіменің соңында жүректен шыққан ізгі тілегімен бөлісті.
P.S.: Барша ақ халатты абзал жанды – медицина қызметкерлері күнімен құттықтаймыз! Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық пен бақ-береке тілейміз. Кәсіби біліктіліктеріңіздің арқасында биік асулардан көріне беріңіздер.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА






