Бүгін: 24.06.2026
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Елімізде жыл сайын 23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күні және Қазақстан полициясы күні ретінде аталып өтеді. Бұл – ел тыныштығы мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етіп жүрген жандарға құрмет көрсетілетін ерекше мереке. Қоғам тыныштығын күзетіп, азаматтардың қауіпсіздігін сақтауда полиция қызметкерлерінің еңбегі зор.

Полиция қызметкерінің жұмысы – үлкен жауапкершілікті талап ететін маңызды мамандық. Олар күн мен түнге қарамай, кез келген жағдайда халыққа көмек көрсетуге дайын тұрады. Осындай абыройлы қызметті адал атқарып жүрген азаматтардың бірі – Ақтас кентінің учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Дархан Серғазыұлы Темиров.

Дархан Серғазыұлы еңбек жолын 2010 жылы Саран қаласының полиция бөлімінде бастап, бес жарым жыл патрульдік полиция қызметінде жұмыс атқарды. 2016 жылы учаскелік полиция инспекторы қызметіне ауысып, осы салада табысты еңбек етіп келеді. Ал 2023 жылы Ақтас кентінің учаскелік полиция инспекторы лауазымына тағайындалды. Көп жылғы еңбегі мен кәсіби біліктілігінің арқасында полиция майоры шеніне дейін көтерілді.

– Заң мен тәртіптің сақшысы болғандықтан, күннің қалай атқанын, кештің қалай батқанын байқамай қаламыз. Әрине, кейде отбасыға уақыт бөлу қиынға соғады. Дегенмен, бұл мамандықты өз қалауыммен таңдадым. Қызметімді жақсы көремін. Міне, 16 жыл да көзді ашып-жұмғанша өте шығыпты, – дейді Дархан Темиров.

Оның жұмыс күні таңғы сағат 08:30-да басталып, түнгі 23:00-ге дейін жалғасады. Тұрғындармен тығыз байланыста жұмыс істейтін учаскелік инспектор үшін демалыс пен жұмыс уақытының арасы әрдайым анық бола бермейді. Отбасылық-тұрмыстық жанжалдар, құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті бақылау, профилактикалық жұмыстар жүргізу – оның күнделікті қызметінің ажырамас бөлігі. Қажет болған жағдайда оқиға орнына дереу жетіп, жедел әрекет етеді.

– Бес саусақ бірдей емес. Әр адамның мінезі мен көзқарасы әртүрлі. Сондықтан ең алдымен адамдардың тілін таба білу қажет. Азаматтардың құқықтық сауаттылығы жоғары болса, көптеген құқық бұзушылықтардың алдын алуға болар еді. Өкінішке қарай, кейбір тұрғындар заң талаптарын толық білмегендіктен немесе оның салдарын түсінбегендіктен қателіктерге бой алдырып жатады, – дейді полиция майоры.

Дархан Серғазыұлы – өз ісіне адал, тәжірибелі әрі жауапты қызметкер. Мінезі ашық, адамгершілігі мол азамат ретінде әріптестері мен тұрғындардың құрметіне ие. Қызметінің қарбаластығына қарамастан, кәсіби мереке қарсаңында әріптестеріне зор денсаулық, отбасыларына амандық, елімізге тыныштық пен береке тіледі.

Қоғам қауіпсіздігі жолында аянбай еңбек етіп жүрген барлық полиция қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтаймыз! Ел тыныштығы жолындағы еңбектеріңізге табыс, отбасыларыңызға бақ-береке, дендеріңізге саулық тілейміз. Халықтың алғысы мен құрметі әрдайым сіздермен бірге болсын!

Өз тілшімізден