Бүгін: 24.06.2026
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

«Жарнама – тіл тазалығының көрінісі» қалалық байқаудың жеңімпазы мен жүлдегерлері анықталды.

Саран қаласының тілдерді дамыту орталығы қалаға қарасты шағын, орта және ірі бизнес өкілдерінің қызметінде заң талаптарының сақталуын әрдайым бақылауда ұстайды. Арнайы рейдтерге шығып, кәсіпкерлермен кездесіп, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізеді. Өткен жылы бастау алған «Жарнама – тіл тазалығының көрінісі» байқауы биыл ауқымын кеңейтіп, кәсіпкерлердің қызығушылығын одан сайын оятты. Ұйымдастырушылардың айтуы бойынша, байқаудың мақсаты – мемлекеттік тілдің қазақстандық қоғам бірлігін нығайтудың аса маңызды факторы ретіндегі рөлін арттыру, мемлекеттік тілдегі жарнама мәтінін сауатты ресімдеу жолдарын насихаттау, «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңның талаптарын орындалуын қадағалау және осы бағытта белсенділік танытып жүрген азаматтарды ынталандыру.

Осы жолы 25 азамат арасынан 10 азамат іріктелінді. Олардың арасында тек кәсіпкерлер ғана емес, сондай-ақ, өз өнімдерін жарнамалайтын тауар өндірушілер, заң талаптарына қайшы келетін жарнама мәтіндерін анықтап, түзету жұмыстарына атсалысып жүрген азаматтар да бар. Қатысушылардың жарнамаларынан бастап, сауда сөрелерінде ұсынылған тауарларына дейінгі барлық көрнекі ақпараттың дұрыс рәсімделуі және емле қателерінің болмауын тіл жанашырларымен бірге «Тіл қорғаны» тобының мүшелері қатаң қадағалады. Екі ай көлемінде ұсынылған жұмыстар жан-жақты сараланды. Осы уақыт аралығында өз кәсібін табысты жүргізіп, байқау талаптарын толық орындаған кәсіпкерлер 12 маусым күні «Достық үйі» балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығында өткен дөңгелек үстелде бас қосты.

Алғашқы құттықтау сөз сөйлеген Саран қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Айдана Аскеева қалалық байқауды қолдап, қатысқан кәсіпкерлерге алғысын білдірді. Әділ қазы алқасының төрелігінде болған «Тіл қорғаны» жұмыс тобының мүшесі, тіл жанашары, Саран қаласының аналар кеңесінің төрағасы Гүлжан Жүсіпбекова да байқаудың мүмкіндіктерін айта отырып, кәсіпкерлердің мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге елеулі үлес қосқанын атап өтті.

Нәтижесінде «Mixshop, «Pafos» дүкені, тіл жанашыры Алида Мусина, «Familyfood» онлайн жеткізу қызметі арнайы дипломмен, «Строймарт» дүкендер желісі ІІІ дәрежелі дипломмен, «Раһмет» сауда орталығы ІІ дәрежелі дипломмен, «Ласточка» шағын маркеті І дәрежелі дипломмен марапатталды. Бас жүлдені тіл жанашыры Береке Жарылғапова жеңіп алды.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА