5 маусым күні Саран қаласының полиция бөлімінің ұйымдастыруымен «STOP ГРАФФИТИ» тақырыбында ауқымды акция өтті. Оған Саран қаласының прокуроры Д. Жұмақан, полиция бөлімінің қызметкерлері мен қала жастары қатысты.
Саран қаласының ПБ криминалдық полиция бөлімінің бастығы, полиция майоры Ақжол Жартыбаев қатысушыларға: «Біздің акцияның басты міндеті - қала көшелерін есірткі заттарын жарнамалайтын қауіпті суреттерден толығымен тазарту», -дей келе, акцияны қолдап «Сұңқар» стадионының алаңына жиналған жастарға сәттілік тіледі.
Саран қаласының ПБ есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл тобының жедел уәкілі, полиция майоры Есен Досымбетовтің айтуы бойынша, бұл акция халықты есірткінің зияны мен зиянды әсері туралы ақпараттандыруға бағытталған. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының кешенді жоспарына сәйкес бұл ай Дүниежүзілік нашақорлыққа қарсы күрес күніне арналған нашақорлықтың алдын алу айлығы болып белгіленген. Осыған орай, Саран қаласының аумағында профилактикалық іс-шаралар тұрақты негізде жүргізілетін болады.
Осы жолғы акция барысында жас белсенді еріктілердің көмегімен тыйым салынған жазбалар боялып жойылды. Сонымен қатар, аулаларда ақпараттық буклеттер таратылды.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА








