Соңғы кезде профилактикалық екпелерден бас тарту мәселесі жиі көтерілуде. Босанғаннан кейін аналар жаңа туылған нәрестеге екпе салу қажеттігімен бетпе-бет қалады. Көптеген аналар екпеден кейін мүмкін болатын әсерлерді естіп, екпеден мүлде бас тартады.
Екпелер – балаға қамқорлық көрсетудің ең маңызды жолдарының бірі болып табылады. Өкінішке орай көп жағдайда ата – аналар қандай жұқпалы ауруларға қарсы не себепті, қашан және қай мерзімдерде баланы қорғау қажеттігін білмейді. Ал балаға жоспарлы екпе салдыратын уақыт келгенде, ата – аналарда вакцинаның қауіпсіздігіне қорқыныш пен күмән пайда болады. Кейбірі вакцинаның тиімділігіне сенбей, балаға зиянын тигізеді деп қорқады.
Баспасөздегі екпелер туралы негізсіз сындар, екпеден кейінгі жеке жағдайларды есепке алмағанда, жұртты таң қалдыратын оқиғаларды күшейтумен байланысты. Иә, жағымсыз әсерлер барлық дәрілік заттарға, оның ішінде вакциналарға да тән қасиет. Бірақ, екпенің әсерінен бұрын, егілмеген балаларға жұқпалы сырқаттанушылықтардан кейінгі асқынулардың пайда болу қаупі жоғары. Әрине, соңғы шешім ата – аналармен қабылдануы тиіс. Бірақ шешім жоғары дәрежеде негізделген және жауапты болуы қажет. Себебі көп жағдайда вакцинаның пайдасы туралы күмән тудыратын ойлар, қажетті ақпараттың болмауымен байланысты. Ал дәрігерлердің мақсаты, ата – аналардың маңызды сұрақтарын түсіндіруге көмек беру.
Иммундау адамзат тарихында сұрапыл ауыр жұқпалы аурулардың таралуын тоқтату үшін маңызды рөл атқарды. Бүгінгі күнге тұрғындарды иммундаудың нәтижесінде көптеген жұқпалы сырқаттанушылықтардың көрсеткіштері төмендеген. Демек бұл балаларымызды дифтерия, көкжөтел, сіреспе, туберкулез, қызылша, қызамық, полиомиелит, эпидемиялық паротит және басқа да аурулардан қорғай аламыз дегенді білдіреді.
Вакцинация ауруларға қарсы иммунитетті қалыптастыруға арналған. Ағзаны микроорганизмдер мен вирустарды «есте сақтауға» үйретеді және оларға қарсы антидене қалыптастырады. Өкінішке орай белсенді иммунитет үнемі сақталмайды және кейбір екпелерді қайта салуды қажет етеді. Не себепті дәрігерлер ата – аналарға балаларына екпе салдыруға кеңес береді? Барлық екпелер жұқпалы аурулардан балаларды 100% қорғамайды, бірақ балаларда, әсіресе өмірінің алғашқы жылдарында сырқаттану қаупін төмендетеді. Бұл маңызды, себебі бала кіші болған сайын оның иммундық жүйесі көмекті қажет етеді. Егер бала сырқаттанып қалса, алдын ала жасалған екпе, тезірек жазылуға және асқынуды болдырмауға көмектеседі. Сондай – ақ қазіргі уақытта, балаларды көп жағдайда жасанды тамақтандыруға ауыстыратынын естен шығармауымыз қажет. Себебі ол иммундық жүйені едәуір төмендетеді, сондықтан уақытылы жасалған екпе денсаулықты қорғаудың бір амалы болып табылады.
Вакцинация – жұқпалы ауруларға қарсы қорғаудан тиімді және экономикалық тұрғыдан пайдалы. Біздің елімізде ҚР Ұлттық күнтізбесіне сәйкес 20 жұқпалы ауруларға қарсы, ақысыз түрде иммундау жүргізіледі. Екпелер жасына сәйкес медициналық ұйымдарда немесе жалпы білім беру мектептерінде, мектепке дейінгі ұйымдардың арнайыландырылған кабинеттерінде, ата – аналардың рұқсатымен жүргізіледі.
Өкінішке орай бүгінгі күнге белгілі немесе белгісіз себептерге байланысты екпеден бас тарту жағдайлары жиілеп кеткен. Өздерін «маман» деп атайтындардың көпшілігі ғаламторда екпеден кейінгі асқынулармен шатастырып, вакцинаның зияны туралы айтады.
Ал әлемнің барлық дамыған мемлекеттерінде жалпылама міндетті вакциналар тізбесі бар және екпесіз бала мектепке дейінгі ұйымдарға, мектептерге жіберілмейді. Сондықтан орта ғасырға қайта оралудың және ең қымбаты - баланың денсаулығын қатерге тігудің қажеті жоқ. Иммундауды дұрыс және ғылыми тұрғыдан жасаған жағдайда, асқыну қаупінің туындауы мүмкін болмайды.
Балаға екпе жауапты ем шара болып табылады, сондықтан дұрыс дайындалса екпеден кейінгі қолайсыз әсерлердің алдын алуға болады. Бірінші кезекте бұл баланың денсаулығына байланысты. Егер бала сырқаттанып тұрса, суық тисе немесе суық тию белгілері (жөтел, мұрыннан су ағу, түшкіру және т.б) болса, екпе салуға болмайды. Дене қызуы қалыпты болуы тиіс, бірақ бір жасқа дейінгі балаларда жиі дене қызуы субфебрильді болатынын ескеруіміз қажет, яғни патологиялық жағдайға жатпайды. Ата – аналар дәрігерге көмектесуі қажет және соңғы күндері пайда болған патологиялық белгілері туралы айтуы тиіс. Әсіресе созылмалы сырқаттанушылықтары бар балалар ерекше көңіл аударуды қажет етеді. Оларды толық кешенді тексеруден кейін, баланың денсаулығына қауіп туғызатын жағдай болмағанда ғана егеді. Бір жасқа дейінгі балалардың рационына екпе алдында қосымша тамақ немесе жаңа тағамдар енгізу қажет емес. Сондай – ақ емізу кезінде белгісіз тамақ өнімдерін қолданбау қажет.
Міндетті түрде алдыңғы салынған екпені дұрыс қабылдауы – дене қызуының көтерілуі, жалпы жағдайының нашарлауы, екпе салған жердің тығыздануы, ұйқышылдығы, тамаққа тәбетінің тартпауы, жергілікті әсер және басқа да қолайсыз әсерлердің болғаны туралы дәрігерге айту қажет. Егер дәрігер екпеден кейінгі асқыну немесе бала туралы толық хабардар болса, алдағы салынатын екпеге баланың қауіп дәрежесін анықтап, алдын алу шараларын тағайындай алады немесе екпені кейінге қалдырады. Екпелер – бұл жұқпалы аурулардан сақтанудың жалғыз сенімді жолы.
Біздің де балаларымыздың қорғалуға құқығы мен мүмкіндігі бар.
«Саран қалалық санитариялық-
эпидемиологиялық
бақылау басқармасы» РММ





