Сыбайлас жемқорлық – қоғамның дамуына кедергі келтіретін ең қауіпті әлеуметтік құбылыстардың бірі. Ол мемлекеттің тұрақтылығына нұқсан келтіріп қана қоймай, халықтың билікке деген сенімін төмендетеді. Сондықтан сыбайлас жемқорлықпен күрес – әрбір азаматтың қасиетті борышы.
Қазіргі таңда елімізде жемқорлыққа қарсы күрес мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып отыр. Заңнамалар жетілдіріліп, түрлі бағдарламалар қабылдануда. Дегенмен, тек заңмен ғана бұл мәселені толық шешу мүмкін емес. Ең бастысы – әр адамның санасында адалдық пен әділдік қағидаттарын қалыптастыру.
Жемқорлықтың алдын алу үшін ең алдымен тәрбиеге мән беру қажет. Жас ұрпаққа мектеп қабырғасынан бастап адал еңбек ету, заңды құрметтеу, әділ болу секілді құндылықтарды сіңіру маңызды. Себебі болашақ қоғамның келбеті – бүгінгі жастардың қолында.
Сонымен қатар, әрбір азамат өз ісіне жауапкершілікпен қарап, пара беруден де, алудан да бас тартуы тиіс. «Пара беру – мәселені шешудің оңай жолы» деген қате түсініктен арылуымыз қажет. Керісінше, заңды жолмен әрекет ету – өркениетті қоғамның белгісі.
Адалдық пен әділдік үстемдік құрған қоғамда ғана даму мен өркендеу болады. Сондықтан сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл халықтың ортақ міндеті.
Қорытындылай келе, жемқорлықсыз қоғам құру – әрқайсымызға байланысты. Біз бірлесе әрекет еткенде ғана әділ, таза және дамыған мемлекет қалыптастыра аламыз.
Е. Алиев,
Саран қалалық сотының
әкімшісінің басшысы





