Бүгін: 03.11.2025
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

24 қазан күні Саран қаласының тұрғындары мен қонақтары сүйікті рухани ордасы – қалалық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің 50 жылдық мерейтойын ерекше қуанышпен атап өтті.

Елу жыл – бұл тарих, руханият пен білімнің алтын қазығы! Кітапхана – кітаптар мекені ғана емес, зияткерлік пен көркем ойдың тоғысқан, жүректер үндескен қасиетті орын.

Мерекелік шара барысында «Саран қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы Ғалия Тохметова құттықтау сөз сөйлеп: «Құрметті кітапханашылар! Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Кітапханашылар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Кітап білімнің бұлағы, ал сіздер сол білімнің алтын көпірі бола білген асыл жандарсыздар. Сіздерге зор денсаулық, қажымас күш-қуат, шығармашылық табыс пен сәттілік тілеймін»,- дей келе салтанатты түрде кітапхана қызметкерлерін қала әкімінің Алғыс хаттарымен, сонымен қатар, қажырлы еңбек еткен, рухани орданың дамуына елеулі үлес қосқан кітапхана саласының ардагерлерін қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің Алғыс хаттарымен марапаттады. 

Әсем ән мен биге, жылы лебіз бен шынайы ықыласқа толы мерекелік шарада әр шығармалық нөмір кәсіби мерекенің сәнін кіргізіп, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.

Жарты ғасыр бойы қала тұрғындарын біліммен сусындатып, оқырман мен кітап арасындағы алтын көпірге айналған ұжымды кәсіби мерекесімен құттықтаймыз! Алдағы уақытта да бұл рухани ошақ өз оқырмандарын жаңа жетістіктермен қуанта берсін!

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА