Қазіргі таңда жаһандану үдерісімен қатар, қоғамда түрлі әлеуметтік, саяси, діни мәселелер де қатар туындап келеді. Соның ішінде діни экстремизм мен радикализм – ұлттық қауіпсіздікке төнетін маңызды қауіптердің бірі. Бұл қауіптің алдын алуда діни сауаттылықтың маңызы ерекше. Себебі діни сауатсыздық – теріс ағымдардың жетегінде кетудің басты себептерінің бірі болып табылады.
Діни сауаттылық – адамның діни негіздер, қасиетті кітаптар, сенім жүйесі, шариғат нормалары мен дәстүрлі дін қағидаттары туралы нақты әрі дұрыс ақпаратқа ие болуы. Бұл білім жеке тұлғаның діни мәселелерді дұрыс түсінуіне, сын тұрғысынан ойлауына және теріс идеяларды ажырата алуына мүмкіндік береді.
Экстремистік және радикалды топтар, әдетте, жастарды нысанаға алады. Олар діни білімнің жоқтығын, әлеуметтік мәселелер мен психологиялық әлсіздікті пайдалана отырып, өз идеологияларын таратады. Интернет пен әлеуметтік желілер арқылы жалған діни уағыздар таратып, адамдарды адастырып жатады.
Діни сауаттылықтың экстремизмнің алдын алудағы маңызы зор.
Ол санада иммунитет қалыптастырады.
Діни сауатты адам кез келген діни мәліметті сүзгіден өткізіп, шынайы дін мен теріс идеологияны ажырата алады. Бұл – экстремизмге қарсы иммунитеттің негізгі шарты. Дәстүрлі ислам құндылықтарын сақтайды.
Қазақстанда ғасырлар бойы қалыптасқан ханафи мәзһабы мен матуруди сенімі – сабырлы, бейбіт, төзімді ислам бағыттары. Діни сауаттылық осы дәстүрлі бағытты түсініп, ұстануға ықпал етеді.
Жастарды қорғауға көмектеседі.
Мектеп, колледж, университет деңгейінде діни-ағартушылық жұмыстар жүргізу арқылы жастардың бойында дінге деген дұрыс көзқарас қалыптастыруға болады.
Қоғамдық тұрақтылықты нығайтады.
Діни сауаттылық тек жеке адам үшін ғана емес, тұтас қоғам үшін де маңызды. Ол дінаралық, этносаралық татулық пен бейбітшілікке ықпал етеді.
Экстремизм мен радикализмге қарсы күресте күштік әдістермен қатар, білім мен ағартушылық та маңызды рөл атқарады. Әсіресе діни сауаттылық – бұл рухани қауіпсіздіктің негізгі қалқаны. Сондықтан қоғамда, әсіресе жастар арасында діни білім беруді, ағартушылықты күшейту – ел болашағы үшін жасалатын маңызды қадам.
Н. Мұсабеков,
Саран қалалық мешітінің бас имамы, қалалық ақпараттық топтың мүшесі





