Бүгін: 20.05.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Саранда «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында бір күнде 1500 дана ағаш отырғызылды.

Экологиялық акцияның «Жасыл аймақ» тақырыбымен өткен апталығында қала тұрғындары көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстарына білек сынаба кірісті. «Саран қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» мемлекеттік мекеме басшысының орынбасары Айдын Мұхтардың айтуынша, қалалық «Сұңқар» стадионында, Ленин даңғылындағы саябақта, Жеңіс стеласында, 1 А ықшам ауданында, қала аулаларында ағаш көшеттері отырғызылды. 

 Игі шараға қала әкімі Еркін Баулыков қатысып, өз үлесін қосты. Сондай-ақ, қалалық депутаттар мен қоғамдық кеңестің мүшелері, қала тұрғындары жөке, арша, ақтерек пен шаған көшеттерін екті.

- Бұл өте жақсы бастама.  Уақыт өте келе саябақ одан сайын көріктене түседі. Сонымен қатар, әркім ағаш отырғызуы керек, -  деп өз пікірін білдірді қала әкімінің мүгедектер істері жөніндегі кеңесшісі, Саран қаласының тұрғыны Алексей Заблоцкий.

Сауапты істі қала жұртшылығы бірден қолдап кетті. Акция аясында 600-ден астам көшет көпқабатты үйлердің тұрғындарына тегін таратылған.

-  Мен өте қуаныштымын. Мұндай мүмкіндік сирек кездеседі. Әрі ағаштардың жақсы тұқымдары берілді. Біз өз ауламызға отырғыза алатынымызға қуаныштымыз. Олардың қандай болып өсетінін қазірдің өзінде армандап, елестетіп жатырмыз, - деп ризашылығын жеткізді Саран қаласының тұрғыны Светлана Кухарчук.

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы бес аптаға созылады. Əр аптаның өзіндік атауы мен нақты мақсаты бар. Осы апта «Өнегелі ұрпақ» деген атауда өтпек.

 

ДИНА ӘБДІҒАЛИЕВА