Бүгін: 20.05.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Саранда «Жас құтқарушылар» қалалық олимпиадасының жеңімпаздары мен жүлдегерлері белгілі болды.

Саран қаласының өрт сөндіру бөлімінің аумағында дәстүрлі түрде өтіп жүрген «Жас құтқарушылар» қалалық олимпиадасы биыл да өз жалғасын тапты. Оған осы жолы сегіз команда қатысуға бел буған. 

- Баршаңызға сәттілік пен жеңіс тілейміз. Ең мықтылары жеңіске жетсін. Бүгінгі олимпиада төтенше жағдайлардың қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын үйретеді және қалыптастырады деген сенімдеміз,- деп Саран қаласының төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Сергей Анищенко өзінің құттықтау сөзінде атап өтті.

Олимпиаданың шарты бойынша мектеп оқушылардан құралған топтар алты кезеңнен сүрінбей өтуі тиіс болған. Қимыл-қозғалысы ширақ, шешімді дер кезінде қабылдай алатын жастар өздерінің бар қабілетін жарыс арқылы көрсете алды. Алға қойған талаптарды да айна-қатесіз бұлжытпай орындауға бар күш-жігерін салған. Ең бастысы, ауыр мамандықтың маңызы мен мәнін түсініп, жұмыстың қиындығы мен қызығын қатар аңғарды. Сондай-ақ, қатысушылардың төтенше жағдайларда теориялық білімі мен практикалық дағдыларды игеруі, әрекет ету қабілеті назарға алынды. Саран қаласы төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы, азаматтық қорғау подполковнигі Лаура Алпысбаеваның айтуы бойынша, «Жас құтқарушы» олимпиадасы салауатты өмір салтын насихаттауға, балаларды  патриоттыққа тәрбиелеуге бағытталған. Бір жағынан төтенше жағдайлар бөлімінің жұмысымен жақын танысып, сақтық шаралары түсіндірілді.

- Енді бүгін мектеп арасында олимпиада өткізіліп жатыр. Ұйымдастырушыларға көп рақметімізді айтамыз. Алғысымыз шексіз. Екінші жыл қатарынан қатысып отырмыз. Балалар жақсы дайындалып келген. Осылай жыл сайын өткізіп отырса, жастарға, келешек ұрпаққа жақсы болады деп ойлаймын, - деп пікірін білдірді №1 мектеп-лицейінің алғашқы әскери дайындық мұғалімі Данияр Дюсенбин.

Қалалық білім беру бөлімі мен төтенше жағдайлар бөлімі бірлесе ұйымдастырған қалалық олимпиаданың нәтижесі бойынша «Визит карточкасы» кезеңінде №17 жалпы білім беретін мектебі басқа қатысушылардан ерекшеленсе, «Қабырға газеті», «Алғашқы медициналық көмек» түрлерінде №6 жалпы білім беретін мектебі оза шапқан. «Өрт викторинасы» мен «Жауынгерлік өрістету» кезеңдерінде Абай атындағы жалпы білім беретін мектептің оқушылары көзге түскен. Ал  «Іздеу-құтқару жұмыстары» кезеңінде №16 жалпы білім беретін мектептің білім алушылары дараланды. Жалпы қорытынды есеп бойынша №6 жалпы білім беретін мектеп 1-орынды, №2 жалпы білім беретін мектеп 2-орынды, ал №1 мектеп-лицейі жүлделі 3-орынды иеленді.

 Қазіргі таңда жеңіске жеткен топ облыстық олимпиадаға дайындық үстінде. Егер одан сүрінбей өтіп жатса, онда әрі қарай республикалық деңгейде қаламыздың намысын қорғайтын болады.

 

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА