Бүгін: 27.04.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

19 наурыз күні Саран қаласы әкімдігінің конференц залында қала әкімінің орынбасары С. Бейскеевтің төрағалығымен Саран қаласы әкімдігінің жанындағы қылмыстық жазаларды және қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын орындайтын органдар мен мекемелердің қызметіне жәрдемдесу, сондай-ақ қылмыстық жазаларын өтеген адамдарға әлеуметтік және өзге де көмекті ұйымдастыру жөніндегі консультативтік-кеңесші органның отырысы өтті.

Осы жолы күн тәртібінде үш мәселе қарастырылды. Бірінші болып «Саран қаласының Карьер орталығы» филиалының өкілі Т. Боднардың  Саран қаласындағы азаматтардың жекелеген санаттарын жұмысқа орналастыру үшін 2024 жылға арналған жұмыс орындарына квота белгілеу туралы дайындаған баяндамасы тыңдалды.

Одан кейін Саран қаласының пробация қызметінің басшысы А. М. Есмағамбетов ағымдағы жылы атқарған жұмыстарға тоқтала кетті. Оның айтуы бойынша, сотталғандардың құқық бұзушылықтардың алдын алу және жаңа қылмыстарды болдырмау мақсатында жергілікті полиция қызметімен бірлесе «Приговор», «Подучетник», «Надзор» атты үш алдын алу шарасы өткізілген. Сондай-ақ, 26 ақпан күні қалалық Жастар ресурстық орталығының психологы «Конфликты, способы решение конфликтов» тақырыбында дәріс жүргізген.

Ал бас бостандығынан айыру орындарынан шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған адамдарға және сот оларға қатысты әкімшілік қадағалау белгілеген азаматтарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету мәселесі бойынша Саран қаласының полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары, полиция подполковнигі  Н.И.Хамитов баян етті.

Сонымен қатар, отырысқа қатысқан Саран қаласының прокуроры Ж. Нақышев қарастырылған мәселелерге егжей-тегжейлі тоқталып, құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша бірқатар түсіндірмелер берді.

Жиын соңында, қала әкімінің орынбасары С. Бейскеев  талқыланған ұсыныс-пікірлерді ескере отырып, тиісті сала басшыларына бірқатар тапсырмаларды жүктеді. 

 

 

 

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА