Бүгін: 07.11.2026
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

29 қазан күні қалалық мәдениет үйінде Кәсіпкерлер күніне арналған мерекелік концерт ұйымдастырылды.

Мерекелік іс-шара барысында Саран қаласының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Римма Каримова сөз сөйлеп, кәсіби мерекеге орай ізгі тілегін білдірді.

- Бүгін сіздердің белсенді жұмыстарыңыз, адалдықтарыңыз және қаламыздың дамуына қосқан үлестеріңіз үшін алғысымызды білдіреміз. Сіздердің жұмыстарыңыз экономиканы нығайту және жаңа жұмыс орындарын құру үшін өте маңызды, - деп сөзін толықтыра кетті Саран қаласының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Римма Каримова.

Келесі болып сөз алған Саран қаласындағы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы филиалының директоры Даурен Кудебаев кәсіпкерлердің қала экономикасына қосып жүрген елеулі үлесіп айта отырып, кәсіпкерлерді кәсіби мерекесімен құттықтады.

Салтанатты шарада кәсіпкерлікті дамытуға, қаланың қоғамдық-саяси өміріне белсене қатысып жүрген бірқатар кәсіпкер Саран қаласы әкімінің Алғыс хатымен және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы атынан Алғыс хатпен марапатталды. Еңбегі еленген жандардың қатарынан «ККК БЕТОН» ЖШС директоры Куат Кусайнов көрінді.

- Барлық кәсіпкерлерге тек қана табыс, әрдайым алға ұмтылуды және жаңа жеңістер тілейміз!, - деп тілегін білдіре кетті Куат Кусайнов.

Марапат пен қошеметке толы шараны мәдениет үйінің қызметкерлері өнерімен жалғастырып, ән мен биден шашу шашты. «Шабыт» домбырашылар ансамблінің домбырада ойнаған күйі, «Асыл әжелер» хорының, «Ивушка» орыс халық аспаптары халық оркестрінің ансамбльдік дуэтінің, «Мудрость» хорының орындауындағы әсем әндер мен «Realize» көше және заманауи би клубының, «Дидо» би тобының өнері көптің көңілінен шықты.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА