Бүгін: 07.11.2026
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

№2 жалпы білім беретін мектепте отбасы құндылықтарын дәріптеу мақсатында «Үлгілі отбасы – ұлт тірегі» атты тағылымды кездесу өтті.

Бұл кездесуде аға буын мен жас буын тоғысты. Саран қаласының ардагерлер кеңесінің мүшелері, тыл еңбеккерлері мектеп оқушыларымен кездесіп, мектептің мұражайын аралады. Өз естеліктерімен бөлісе отырып, тағылымды әңгіме өрбітті.

Шарада қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Саран қаласының Құрметті азаматы, көп балалы отбасыдан шыққан Жұмабике Токушева өмірбаянынан, өзінің жүріп өткен жолынан сыр шертті.

- Мектеп оқушыларымен жақсы кездесу өтті. Менің күйеуім – «Шахтер даңқы» белгісінің толық кавалері, Саран қаласының Құрметті ардагері. 19 маусымда Алтын тойымыз болды. 21 маусымда немереміз өз шаңырағын көтерді. Бұл біз үшін есте қалатын айшықты күндердің бірі. Шүкір, бес немереміз, бір шөбереміз бар, - деп атап өтті қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмабике Токушева.

Емін-еркін өткен кездесуде мектеп оқушылары өздерін толғандырған, қызықтырған сұрақтарын қойды. Отбасы құндықлықтарына ерекше назар аударылды.

- Іс-шара жүрекке жылылық сыйлап, тәрбиелік және мағыналы өтті. Бұл кездесу балаларға отбасының, махаббаттың, құрметтің, өзара түсіністіктің және ұрпақтар арасындағы сабақтастықтың маңыздылығын түсінуге көмектесті. 50 жыл бірге өмір сүрген отбасының тарихы – балалардың қызығушылығы мен құрметін оятты. Балалар аға буынға деген мақтаныш сезімін сезініп, отбасылық дәстүрлердің жылуына бөленіп, берік отбасының қадір-қасиеті туралы ой түйді. Менің ойымша, әрбір қатысушы маңызды сабақ алды: отбасы - бұл махаббат, қолдау, жауапкершілік және қиын кезеңдерде бір-бірінің қасында болу мүмкіндігі, - деді №2 жалпы білім беретін мектебінің директоры Айман Рахимжанова.

«Үйлену оңай, үй болу қиын» демекші, түсіністік пен сыйластық, отбасындағы татулықты сақтау жайлы қозғалған шарада өзекті мәселелердің бірі – ажырасу тақырыбы да талқыланды. Сонымен қатар, тағылымды кездесуде тыл еңбеккері Тамара Кучеренко сөз алып, ізгі тілегін білдірді. Шара соңында, қатысушылар берік отбасы қандай болу керектігі жөнінде өз пікірімен бөлісті.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА