Бүгін: 07.11.2026
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

24 қазан күні «Сұңқар» стадионында Республика күніне орай ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті.

Сол күні Қарағанды, Саран қалаларының өндірушілері мен кәсіпкерлері, Абай, Бұқар жырау, Қарқаралы аудандарының шаруа қожалықтары жәрмеңкеге алып келген өнімдерін қолжетімді бағамен сатты. Еттің, сүт өнімдерінің, азық-түлік пен көкөністердің, күнделікті тұрмысқа қажетті өзге де тауарлардың сан алуан түрі сатылымға шығарылып, ел игілігіне ұсынылды.

Саран қаласының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, жәрмеңке барысында 100 тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімі мен халық тұтынатын тауарлар сатылған.

- Бүгін біз жәрмеңке өткізіп жатырмыз, онда нарықтық бағадан 10-15 пайызға төмен жеңілдіктер ұсынылған. Бұл жәрмеңкелер қала тұрғындары үшін өте маңызды. Барлықтарыңызға алғысымызды білдіреміз, ал сатып алушыларға сәтті сауда тілейміз!, - деді «Саран қаласының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі» ММ басшысы Римма Каримова.

Жәрмеңкеге келушілер таңғы тоғыз болмай, өздеріне керек азық-түліктерді сатып алып жатты. Тұрғындарға көбіне еттің бағасы мен оның қолжетімділігі ұнады. Тауар түрлерінің көптігінің арқасында сатып алушылар өздеріне қажет заттарды асықпай аралап, таңдай алды.

- Біздің қаламызда жәрмеңке өткеніне қуаныштымын. Адам көп, бәрі сауда жасауда, көңілді, жігерлі, тауарлар да көп. Ұйымдастырушыларға көп рақмет, - деді Саран қаласының тұрғыны.

Еске сала кетейік, келесі ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін өткізу 7 қараша күнге жоспарланып отыр.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА