Бүгін: 07.11.2026
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

24 қазан күні мәдениет үйінің бірінші қатабында Республика күніне арналған Саран қаласының белгілі суретшісі Қайрат КЭЙ-КЭЙ Кожуховтың жеке сурет көрмесі мен Саран қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесінің дайындаған кітап көрмесі ел назарына ұсынылды. Ал екінші қабатқа көтерілген бетте қонақтарды жас домбырашылар күмбірлеген күймен қарсы алды.

Мерекелік іс-шарада қала әкімінің м.а. Дастан Арнешев барша жиналған қауымды Республика күнімен құттықтап, дәстүрлі түрде өтетін «Қыран» жастар сыйлығының жүлдегерлерін марапаттады. Қатысушылар он номинация бойынша бағын сынады: «Жаңа буын кәсіби маманы», «Жылдың спорт мақтанышы», «Отан мақтанышы», өзге ұлт өкілдері үшін «Мемлекеттік тіл – болашағым», «Жаңа буын ұстазы», «Еңбекші буын көшбасшысы», «Бизнестің жас көшбасшысы», «Жас мәдениет майталманы», «Жаңа буын мемлекеттік қызметшісі» және «Жарқыраған жас жұлдыз».

Абай атындағы жалпы білім беретін мектепте шетел тілі пәнінің мұғалімі Қаракөз Джакупова лауреаттар қатарынан көрініп, «Жаңа буын ұстазы» номинациясына ие болған жан. Ол үшін бұл марапаттың орны бөлек.

- Бұл сайысқа бірінші рет қатысып жатқан жоқпын. Үш жыл қатарынан өз бағымды сынап келдім. Бірақ осы жолы өзімнің дайындығымды күшейтіп, жақсы дайындықпен қатыстым десем де болады. Бұл менің жеті жылдық еңбегімнің жемісі, - деді педагогика ғылымдарының магистрі Қаракөз Джакупова.

Салтанатты мараттау сәт аяқталған соң, кезек мәдениет үйінің өнерпаздарына берілді. Қазақстанның кең байтақ даласы, бай тарихы мен салт-дәстүрі өнер арқылы дәріптелініп, көрермендердің көңілінен шықты. Патриоттық әндер асқақ рухты айшықтаса, би қойылымдары ерекше әсер сыйлай түсті.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА