15 наурыз күні – елімізде жаңа Конституция жобасы бойынша республикалық референдум өтті. Тарихта қалатын саяси науқанға Саран қаласының тұрғындары да белсене қатысып, өз таңдауын жасады.
Қала бойынша сағат таңғы 07:00-ден бастап, кешкі 20:00-ге дейін 20 референдум учаскесі жұмыс істеді. Ең бірінші болып келген азаматтарға арнайы сыйлықтар үлестірілді.
Бұл күн - әр буын өкілдерін біріктірді. Қала жастары, қазыналы қариялар, кеншілер, белсенді өмір сүру орталығына баратын аға буын өкілдері және Саран қаласының ардагерлер кеңесінің мүшелері дауыс беруге белсене қатысты. Жанұясымен келіп, дауыс берген отбасылардың қатары да аз болмады.
- Бүгін, енді, біздің еліміз үшін, қазақ халқы үшін үлкен ерекше күн болып тұр. Ана болғаннан кейін бәріміз де балаларымыздың, немерелеріміздің болашағы жарқын болсын дейміз. Сондықтан да аспанымыз ашық, бейбіт өмірде бақытты өмір сүрейік. Еліміз аман болсын, жұртымыз тыныш болсын, - деді Саран қаласының аналар кеңесінің төрағасы Г.Жүсіпбекова.
Дауыс беру учаскелеріне «ТЭМПО - Қазақстан», «A.V. Group» зауыттарының, «Сараньтеплосервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметкерлері ұжыммен бірге келіп, өз таңдауын жасады.
- Бүгін ұжыммен бірге біз референдумге қатыстық. Менің ойымша, референдумге қатысу – әр азаматтың парызы,- деді «Сараньтеплосервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің заңгері Нұртас Көкенаев.
Мерекелік көңіл-күй қалыптастыру мақсатында кейбір учаскелерде әуезді әндер орындалып, тұрғындарға қолжетімді бағада жәрмеңкелер ұйымдастырылды. Шырынды жемістер, көкөністер мен ет өнімдері сатылды.
Сондай-ақ, бұл күні тұрғындардың қолайлығы үшін қоғамдық көліктер тегін қызмет көрсетті. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін де «Инватакси» тегін такси қызметін ұсынып, дауыс беру орындарына емін-еркін жетулеріне барлық жағдай жасады.
Референдум кезінде әр учаскеде бақылаушылар отырып, барлығы ашық әрі заң талаптарына сай өтуін қадағалады.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА








