Бүгін: 22.03.2026
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

12 наурыз күні республикалық референдум қарсаңында Саран қаласының мәдениет үйінде «Жасай бер, Қазақ елі!» атты мазмұнды семинар-тренинг өтті.

Бір уақытта төрт түрлі бағытты қамтыған, қоғамның әр буынын біріктірген ерекше сипаттағы шараның ашылу сәтінде мемлекеттік рәміздердің қолдану және пайдалану мониторингілеу жөніндегі Қарағанды облыстық инспекциялық тобының және облыстық дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі Шахмарал Кабулова, қалалық ақпараттық-түсіндіру тобының жетекшісі Ғалия Туртбаева, Саран қаласының Құрметті азаматы, ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмабике Токушева, жастар ресурстық орталығының басшысы Айым Қанапиянова сөз сөйледі.

Оған аға буын өкілдері, тыл еңбеккерлері, әділет саласының мамандары және адвокаттар, мемлекеттік мекемелердің, прокуратура, полиция бөлімінің өкілдері, сондай-ақ қала еріктілері мен жастары белсене қатысты. Конференциялық жиыннан кейін қатысушылар берілген бейджиктердің  түстеріне сәйкес төрт топқа бөлінді.

Бір мезетте «Заң және тәртіп», «Елтану», «Таза Қазақстан», «Цифрландыру және жасанды интеллект» бағыттары бойынша секциялық кездесулер ұйымдастырылды. Әр секцияда өзекті мәселелер талқыланып, қатысушылар еркін пікір алмасты. Қоғамға пайдалы ойларын ортаға салып, патриоттық рухты арттыратын, ел дамуына жаңа серпін беретін тың идеяларымен бөлісті.

- Жалпы бұл тақырыптардың өзінде үлкен мән-мағына жатыр. Себебі барлық осы төрт секцияны біріктіргенде еліміздің даму жолындағы үлкен бір еңбек шығады деп ойлаймын, - деді жастар ресурстық орталығының басшысы Айым Қанапиянова.

Мәселен, «Заң және тәртіп» секциясын Саран қаласы әкімі аппаратының бас инспектор-заңгері Светлана Теплякова ашып, жүргізді. Бұл секцияға облыстық дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі Шахмарал Кабулова, Саран қаласы прокуратурасының прокуроры Татьяна Харитонова, Саран қаласының ПБ ҚҚБ бастығы Шоқан Косжанов қатысты. Онда құқықтық нормалар мен профилактикалық жұмыстар, заң мен құқықтың маңыздылығы кеңінен талқыланды.

«Елтану» секциясында Саран қаласының ақпараттық-түсіндіру тобының жетекшісі Ғалия Туртбаева Саран қаласының ертеңі мен бүгіні туралы сыр шертіп, қаланың мерейлі мерейтойларына орай басылып шыққан кітаптар жайлы айта отырып, тарихымен бөлісті. Саран қаласының Құрметті азаматтары, аға буын өкілдері тағылымды ойларын ортаға салды. Сонымен қатар, №6 жалпы білім беретін мектептің ұстаздары С.Н. Матвиенко мен В.В. Легкошкурдың өлкетану бағытында жүргізген еңбектері де назардан тыс қалмады. Қала ақсақалдары Ж. А.Ашимов, С. Х. Мұстафин, Т. У.Ахметжанов және ардагерлер кеңесінің мүшелері де өз тараптарынан бірқатар ұсыныс білдірді.

«Таза Қазақстан» секциясында қала жастары мен еріктілері, табиғат жанашырлары басқосты. Олармен бірге «ДОБРОВОЛЕЦ» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы В.В.Стецко болды. «Саран қаласының жастар ресурстық орталығы» КММ жастар ісі жөніндегі инспекторы Ольга Мирошниченко қатысушыларға қоршаған ортаны сақтауға, экомәдениеттің маңыздылығы жайлы айта отырып, тақырыпқа сай деректерді ұсынды. Берілген ақпаратты бекіту үшін қатысушылармен  топтық ойын ойнатылып, сергіту сәті де ұйымдастырылды.

- Бұл жерде «Таза Қазақстан» секциясы өтіп жатыр. Онда біз қоршаған ортаны таза ұстауға, экологиялық қағидаттар жайлы айтатын боламыз. Одан бөлек, қаламызда түрлі акциялар, сенбіліктер жиі өткізіліп тұрады, - деді қала еріктісі Аяжан Орынбек.

«Цифрландыру және жасанды интеллект» секциясы да жастардан құралды. Тек бұл жерде робототехникаға бейім, ғылымды сүйетін жастар қауымы басымырақ болды. Жастар ресурстық орталығының басшысы Айым Қанапиянова жүргізген кездесуде Қарағанды облыстық адвокаттар алқасының адвокаты Юлия Давыдова, №17 мектеп-гимназиясының информатика мен робототехника мұғалімі, «Robo Stars Saran jr» командасының жетекшісі Асель Акшалакова қатысты.

- Бүгінгі шара өте мазмұнды өтті. Балаларға рақмет, өз ойларымен бөлісіп, робототехника, цифрландыру, жасанды интеллект бойынша алдағы мүмкіндіктеріміз туралы айтып берді, - деді Қарағанды облыстық адвокаттар алқасының адвокаты Юлия Давыдова.

Робототехника бағытында зор белестерге жетіп жүрген мектеп оқушыларының ұстазы Асель Акшалакова да маңдай термен келген жетістіктерді айта отырып, жастарды одан сайын шабыттандыра түсті.

- Менің робототехникамен айналысып жүргеніме 3 жылдай болды. Мен «First Lego League», «Роболенд», «Fibonacci» секілді көптеген жарыстардан жүлделі орындарға ие болдым. Біз жобаларымызда жасанды интеллектіні қолданамыз. Мысалы, көру қабілеті нашар адамдарға толыққанды өмір сүруге көмектесетін жобамыз бар, - деді №17 мектеп-гимназиясының оқушысы Ясина Сагатова.

Жан-жақты қамтыған, түрлі ақпаратқа қанық болған «Жасай бер, Қазақ елі!» семинар-тренингінің қатысушылары шара соңына қарай әр секциядан алған әсерлерімен, өз ойларымен бөлісті. Бірқатар ұсыныстарын білдіре отырып, жақсы көңіл-күймен тарқасты.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА