Бүгін: 22.03.2026
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Сыбайлас жемқорлық – мемлекеттің дамуына, қоғамдағы әділеттілік пен тұрақтылыққа елеулі қауіп төндіретін әлеуметтік індет. Ол заңның үстемдігін әлсіретіп, азаматтардың мемлекетке деген сенімін төмендетеді және басқару жүйесінің тиімділігіне кері әсер етеді. Осы тұрғыдан алғанда, сыбайлас жемқорлықпен күрес «Заң мен тәртіп» қағидатын нақты іске асырудың негізгі тетігі болып табылады. Мемлекет басшысы атап өткендей, заң бәріне ортақ әрі міндетті болуы тиіс. Заң мен тәртіп орныққан қоғамда әрбір азамат пен мемлекеттік қызметші өз әрекеті үшін жауапкершілік арқалап, заң талаптарын бұлжытпай орындауға міндетті.

Заң үстемдігі – сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің басты негізі. Егер заң баршаға бірдей қолданылмаса, лауазымды тұлғаларға артықшылық берілсе немесе құқық бұзушылық үшін жаза бұлтартпастықпен қолданылмаса, жемқорлық тамырын терең жаяды. Керісінше, заң талаптары қатаң сақталған жағдайда, парақорлық пен қызметтік өкілеттікті теріс пайдалану секілді әрекеттерге жол берілмейді. Заң мен тәртіпті қамтамасыз ету арқылы мемлекет әділ шешім қабылдау жүйесін қалыптастырып, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға нақты кепілдік береді. Заң мен тәртіпке негізделген жүйеде әрбір қызметкер өз өкілеттігін заң шеңберінде жүзеге асырып, жеке пайдасын емес, қоғамдық мүддені басшылыққа алады. Бұл өз кезегінде мемлекеттік институттарға деген сенімді арттырады.

Сыбайлас жемқорлықпен күресте алдын алу шаралары ерекше маңызға ие. Заң мен тәртіп қағидатына сүйенген алдын алу саясаты басқару процестерін жетілдіруге, артық әкімшілік кедергілерді жоюға және шешім қабылдау рәсімдерін барынша ашық етуге бағытталуы тиіс. Цифрландыруды дамыту, қызмет көрсету салаларын автоматтандыру және адам факторын азайту жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге мүмкіндік береді. Бұл шаралар тәртіпті күшейтіп, заң бұзуға жол бермейтін жүйе қалыптастырады.

Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте құқықтық мәдениет пен азаматтық жауапкершіліктің рөлі ерекше. Заң мен тәртіп тек мемлекеттік органдардың міндеті емес, ол бүкіл қоғамның ортақ құндылығы болуы қажет. Әрбір заңсыз әрекеттерге төзбеушілік танытып, адалдық пен әділеттілікті өмірлік ұстанымға айналдырғанда ғана жемқорлыққа қарсы нақты тосқауыл қойылады. Қоғамда заңды айналып өту емес, заңды сақтау қалыпты нормаға айналған жағдайда тұрақты тәртіп орнайды.

Қорытындылай келе, сыбайлас жемқорлықпен күрес пен «Заң мен тәртіп» қағидаты өзара тығыз байланысты және бірін-бірі толықтыратын ұғымдар. Заң мен тәртіпке негізделген қоғамда ғана әділеттілік салтанат құрып, тұрақты даму мен халықтың әл-ауқаты қамтамасыз етіледі.

Сондықтан, мемлекетіміздің кез-келген азаматы Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті.

Р. Жиенбаева,

Саран қалалық мемлекеттік

қазынашылық басқармасының

басшысы