5 наурыз күні Саран қаласының білім бөлімі мен қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен шаңғыдан қалалық эстафета жарысы өтті.
Қысқы спорттың көркін қыздырған жарыс білім беру саласының өкілдерін, колледж студенттерін, мектеп оқушылары мен қала тұрғындарын бір алаңға жинады.
Қатысушылар кезекпен-кезек ақ қар үстінде өз шеберліктерін көрсетіп, шапшаңдылық пен төзімділікті, командалық бірлікті сынға салды. Тартысты әрі әсерлі бәсекеде ұлдар мен қыздар және ересектер бірдей қатысу мүмкіндігіне ие болды. Тек ересектер кіші, орта топтарға қарағанда екі есе көп қашықтықты бағындырды. Яғни, басқалары 500 метрді уақытқа шаңғымен теуіп өтсе, ал олар сәйкесінше 1 километр қашықтықты еңсерді.
- Шаңғымен айналысып жүргеніме бір он жылдай болды. Шаңғы спорты өте денсаулыққа пайдалы. «Дені саудың – жаны сау» демекші, осы шаңғыны колледжде балаларға үйретеміз. Жарысқа ұстаздардан құралған бір команда және оқушыларымыздан 4 команда келіп отыр. Барлық қатысушыларға сәттілік тілейміз,- деді Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің аға оқытушысы, жарыстың қатысушысы Арман Байхадамов.
Ұйымдастырушылардың айтуы бойынша, осындай шаралар жас ұрпақты белсенді өмір салтына баулып, қысқы спортқа деген қызығушылықты арттыра түседі.
- Дайындық өте жақсы. Көктем де келді, осымен биылға шаңғы маусымын жабамыз. Мен, өзім, №17 мектеп-гимназиясында дене шынықтыру пәнінің мұғалімімін, бізде шаңғы жаттығулары болған кезде біз әрқашан ауа-райына қарап шаңғы тебуге тырысамыз, арасында сенбі күндері де шығып тұрамыз, - деді жарыстың бас төрешісі Ильшат Закиров.
Жарыстың нәтижесі бойынша бекітілген ара қашықтықты ең жылдам өткен команда жеңіске жетті. Сондай-ақ, әр қатысушының мәреге келген уақыты жазылып, іштерінен жүлделі орын иегерлері анықталды. Қалалық білім бөлімінің спорт әдіскері Рустам Даденбеков пен жарыстың бас төрешісі Ильшат Закиров барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерді грамоталар мен кубоктармен марапаттады.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА







