Елімізде 25-27 ақпан аралығында «2026 жылғы көктемгі кезеңдегі су тасқыны жағдайының қолайсыз дамуында төтенше жағдайларды жою кезінде құтқару және басқа да шұғыл жұмыстарды дайындау және жүргізу» тақырыбында «Көктем-2026» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтті.
«Бүгінгі сақтық – ертеңгі тыныштық» демекші, құбылмалы ауа райына байланысты оқу-жаттығудың бірінші күнінде Саран қаласының ТЖ бөлімі қала аумағында профилактикалық іс-шаралар өткізіп, құлақтандыру және байланыс жүйелерінің дайындығын пысықтады. Саран қаласының Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Нұрлан Жакупбаев қала әкімінің орынбасары Дастан Арнешевке жеке құрамның әзірлігі мен арнайы техникалардың жай-күйі туралы баяндап берді. Әрі дайындық деңгейімен таныстырды.
- Қайырлы күн, құрметті Саран қаласы мен қала қонақтары! 25 және 27 ақпан аралығында республика аумағында «Көктем-2026» атты командалық-штабтық оқу-жаттығуы өткізілуде. Осыған байланысты біз Саран қаласы аумағында су тасқынына қарсы бірнеше іс-шараларды атқардық. Бұл іс-шараларға осы Саран қаласының азаматтық қорғау қызметтерінің барлығы жұмылдырылды,- деді Саран қаласының төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Нұрлан Жакупбаев.
Жоспарға сәйкес «Саранская» су қоймасында тактикалық-арнайы оқу-жаттығулар өткізілді. Бір жағынан, су тасқыны салдарын жоюға арналған жабдықтар мен техника дайындығы тексерілді. Сондай-ақ, Новая мен Чкалов көшелеріндегі арнайы су өткізетін құрылыстарды тазалау жұмыстары жүргізілді. Кейін Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледждің жатақхана базасында төтенше жағдайдан зардап шеккендер үшін ашылған эвакуациялық қабылдау пунктінің іші араланып, дайындық әзірлігі қаралды.
«Көктем-2026» командалық-штабтық оқу-жаттығуға бас-аяғы 13 азаматтық қорғау қызметі, жеке құрамнан 73 адам және 45 бірлік техника жұмылдырылды.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА








