Жыл аяқталынып қалды. Қорытындылай келе, Саран қаласында соңғы 10 ай уақыт аралығында қандай өзгерістер орын алды? Қала көркейді ме? Әлде бір жерде тұрмыз ба?
Таяуда қалалық қоғамдық кеңесінің кезекті жиыны өтіп, сонда «Саран каласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы Айдын Мұқтар өзінің баяндамасын оқып, соңғы 10 айда атқарылған жұмыстарды атап өтті.
Соңғы уақытта қала аумағында жүргізіліп жатқан абаттандыру және экологиялық іс-шаралардың нәтижесін тұрғындар да айқын байқауда. Қаланың іші тазарып, ретке келтіріліп, қоршаған ортаның санитарлық жағдайы жақсарды. Бұл жұмыстар «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында жүйелі түрде жүзеге асырылуда.
Қала тұрғындарына жайлылық сезімін қамтамасыз ету үшін тұрақты жұмыстар атқарылып келеді. Акция барысында жол бойында жатқан, көшелер мен аулаларда жиналған тұрмыстық және ірі көлемді қоқыс қалдықтары шығарылуда. Күннің суығы мен ыстығына қарамастан таң атпай коммуналдық қызметкерлер көшелерді тазалап келеді. Бұл еңбек кейде көзге көрінбейтін секілді көрінуі мүмкін: біреу байқаса, енді бірі байқамай жатады. Алайда олардың еңбегі еселі. Қоқыс жинаумен шектелмей, алаңдарды, скверлерді және қоғамдық орындарды сақтау да осындай үздіксіз еңбекті қажет етеді.
Биыл қалада 10-нан астам балалар ойын алаңы жаңартылып, аулалары заманауи ойын алаңдарымен толықты. Адам көп жүретін демалыс орындары мен скверлерге де ерекше көңіл бөлініп келеді.
Сонымен қатар Жакенов, Московская, Жамбыл, Ленин, Қужанов, Победа көшелері бойында және бесінші, алтыншы кварталдарда, Горняк шағын ауданында анықталған рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері жойылды. Қурап қалған ағаш бұтақтары кесілді.
Экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында Жамбыл көшесі бойына 5 000 түп қарақат ағашы отырғызылды. Жалпы қала аумағында 31 000 м³-ден астам рұқсатсыз қоқыс үйінділері жойылды. Атқарылған жұмыстардың маңызды бағыттарының бірі — халық арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Бұл іске жастар мен кәсіпкерлер белсенді түрде атсалысуда.
Одан бөлек қаланың дамуы мен тұрғындардың өмір сапасын арттыру бағытында басқа да ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Қала аумағында жарықтандыру жүйесі бойынша бірқатар көшенің шамдары ретке келтірілді. Бұл тек тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, қала көркін де жақсартуға мүмкіндік берді. «Елді мекендерді абаттандыру және көгалдандыру» бағдарламасы аясында Плановый кентінде футбол және волейбол алаңдары абаттандырылды. Сонымен қатар, қаладағы қоғамдық көліктің жайлылығын арттыру мақсатында 6 аялдама павильоны орнатылды. Жамбыл көшесі, 89 үйдің фасады да жаңартылды.
Қаладағы инфрақұрылымды жақсартудың маңызды бөлігі – автотұрақтар мен тротуарларды абаттандыру. Осы орайда, жаз мезгілінде автотұрақтарды және тротуарларды абаттандыру жұмыстары аяқталды. Сол уақытта қала көшелерінде 100 дана қоқыс алаңын орнату жұмыстары сәтті жүзеге асырылды.
Жол инфрақұрылымын жақсарту мақсатында орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қаладағы барлық атқарылған жұмыстар – жарықтандыруды жақсарту, көгалдандыру, қоғамдық орындар мен алаңдарды абаттандыру, үйлер мен жолдарды жөндеу – тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған кешенді шаралардың бөлігі болып табылады. Тұрғындармен, еріктілермен бірлесіп атқарылған еңбектің нәтижесінде қаланың инфрақұрылымы заманауи талаптарға сай жаңартылып, экологиялық және эстетикалық жағынан таза әрі жайлы қала қалыптасуда. Қаланың әрбір көшесі, әрбір демалыс аймағы мен ойын алаңы тұрғындардың игілігі үшін жасалып отыр, алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА










