Саранға жұмыс сапарымен Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесі төрағасының орынбасары Баян Ахатай, Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің төрағасы Айжан Қиясова және Қарағанды облысы ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Гульнара Касембаева келіп, «Салауатты сана» жобасы аясында қала азаматтарымен кездесті.
Шара басталмас бұрын қалалық мәдениет үйінің бірінші қабатында орналасқан, тарихтан сыр шертетін «MONARBAT» арт-галереясымен, жақында ғана жастарға есігін айқара ашқан «Сoworking» залымен, ұлттық нақышта жаңартылған «Жас Отау» этномәдени қоғамдық бірлестігінің кабинетімен және ерекше жандарды қолдауға бағытталған «Алау» клубымен танысты. Жастармен тілдесе отырып, болашақтары жарқын болуын тіледі. Сонымен қатар, Саран қаласының тілдерді дамыту орталығы жанынан ашылған «Мәміле» тілдесу клубының мүшелері де мемлекеттік тілді қаншалықты жетік меңгергенін көрсетті.
Келелі кездесу конференц залда жалғасты. Онда қала әкімінің орынбасары Сағынбек Бейскеев бірінші болып сөз алып, кездесудің мақсатын айқындап берді.
- Бүгінгі басқосуымыздың басты мақсаты – қоғамда, әсіресе өскелең ұрпақтың бойында салауатты сана қалыптастыру, зиянды әдеттердің алдын алу, рухани және адамгершілік құндылықтарды дәріптеу. Бәрімізге мәлім, елімізде «Салауатты сана» жобасы жүзеге асырылуда, - деді қала әкімінің орынбасары Сағынбек Жаңбырбайұлы.
Өз кезегінде Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі төрағасының орынбасары Баян Орынбасарқызы нашақорлық, құмарпаздық, тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдық сынды әлеуметтік кеселдермен күресуге бағытталған «Салауатты сана» жобасы жайлы айта отырып, тұрмыстық, отбасылық мәселелерді шешуге, бала тәрбиесіне ерекше мән берді. Өскелең ұрпаққа рухани тәрбие беру және ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруге қатысты өз ойын жеткізді.
Қалалық білім бөлімінің басшысы Арман Бақтыбаев қала мектептерінің тыныс-тіршілігімен таныстыра отырып, «Әжелер мектебінің», «Әкелер мектебінің», «Аналар мектебінің» жұмысын атап өтті.
Кездесу соңында Аналар кеңесінің төрағасы Гүлжан Жүсіпбекқызы, қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі Ольга Свиргун алғысын білдіріп, отбасы құндылықтарын айтып, жастарға зор денсаулық пен сапалы білім тіледі.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА