Бүгін: 03.08.2025
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Саран қаласы бүгінде жаңа даму кезеңіне қадам басты. Қала экономикасы әртараптандырылып, моноқала мәртебесінен шығып, жаңа өндіріс орындары мен инфрақұрылымдық жобалар іске асырылуда. Бұл өзгерістер Саранды өңірдің индустриалды және әлеуметтік тұрғыда дамыған заманауи қалаларының біріне айналдыруда.

Осындай маңызды кезеңде тарихи жадыны сақтайтын Саран қаласының мемлекеттік архивінің жағдайын жақсарту – стратегиялық мәні бар міндет. Архив 2006 жылдан бері №7 мектеп-интернатының 2-қабатында (аумағы 785 м²) уақытша орналасып келеді. Құжаттар қоры жыл сайын артып, бүгінде 235 қорда 118 082 құжат сақтаулы. Мемлекеттік қызмет көрсету шеңберінде жыл сайын алыс-жақын шетелдерден 2500-3000-ға жуық өтініштер келіп түседі және оларға уақытылы жауап беріледі. Бұл архив халыққа аса қажетті мекемелердің бірі екенінің көрсеткіші. Осы құжаттар – Саран қаласының тарихи жады мен рухани қазынасын сақтайтын, әлеуметтік-экономикалық даму кезеңдерінің және мемлекеттік басқару тәжірибесінің баға жетпес айғағы.

2011 жылғы қала әкімдігінің қаулысына сәйкес, Жамбыл көшесі 85B мекенжайында аумағы 548,9 м² жер телімі архив құрылысына бөлінді. Аталған мәселе ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінде және Қарағанды облысы әкімдігінің қарауында тұр. Бұл бағытта бірнеше рет ресми хат жолданып, қолдау сұралды. Алайда «ЭКСПО-2017» көрмесінің өткізілуіне байланысты жаңа ғимарат салуға қаражат бөлу кейінге шегеріліп, құрылыс жұмыстары жүзеге аспай қалды.

Саран қаласының өсіп-өркендеуін, халық санының, өндіріс және ұйымдар санының артуын ескере отырып, аумағы 1000 м² болатын жаңа, заманауи талаптарға сай архив ғимаратын салу үшін қаржыландыру мәселесін қолдауыңызды сұраймыз.

Бұл жоба архив ісінің сапасын жаңа деңгейге көтеруге, құжаттардың толық сақталуын қамтамасыз етуге, халыққа көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға және Саран қаласының мәдени әрі тарихи дамуына қосымша серпін беруге мүмкіндік береді.

А. Нурмаханова,

архивші