11 маусым күні №17 мектеп-гимназияның спорт алаңында «Көңілді старт» эстафетасы өтті. Оған мектеп лагерінің балалары қуана-қуана қатысып, ең соңында арнайы грамоталармен марапатталды.
Жадырап жаз да келіп жетті. Бұл мезгілде мектеп оқушылары жазғы лагерьлеріне баруға асығады. Балалардың демалысын тиімді пайдалану мақсатында №17 мектеп-гимназиясында 2 маусымнан бастап «Алтын күн» лагері өз жұмысын бастап кетті. Онда зейінді арттыратын, білімді шыңдайтын, денені шынықтыратын ойынның түр-түрі бар. Білім алушылардың әр күні сәнді де, мәнді өтуде. Осы жолы барғанда «Көңілді старт» эстафетасына тап болдық. Бастауыш сыныптың оқушылары мәре-сәре болып, барлық межелерден сүрінбей өте білді. Бірлікті нығайта түсетін бір-біріне допты беру, бір аяқта секіру сынды ойындар ойнатылды. Бұл жарыста жеңілгендер болмады. Достық жеңді! «Жас отау» этномәдени қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Нұржамал Кернебаева өз қолымен жігерлі жастарды грамоталармен және ұстаздарды арнайы дипломдармен марапаттады.
- «Алтын күн» жазғы лагері өз жұмысын 2 маусымнан бастап, 20 маусымға дейін жалғастырады. Бүгінде 54 бала жазылған. Балалар лагерьге келгенде жаттығу жасайды, қазақ, ағылшын тілдері бойынша машықтанады. Тәрбиешілер, студенттер де келіп көмектеседі. Түрлі тренингтер өткізіледі. Экскурсиялар ұйымдастырылады, - деп атап өтті бастауыш сыныптың мұғалімі, әрі осы «Алтын күн» жазғы лагерінің тәлімгері Алина Орёл.
Лагерьдегі бір де бір күн іс-шарасыз өтпейді. Балалар үшін әр күн әсерлі сәттерге толы. Бұл тұста оқушылардың демалыс күндерін тамаша өткізуіне үлес қосып жүрген тәлімгерлердің, ұстаздардың, ерікті жастардың еңбегін атап өткен жөн. Себебі, балалар асқан қызығушылықпен лагерьге асығып тұрады. Оларға ұнайтыны жадырап тұрған жүздерінен көрінді.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА