Бүгін: 17.06.2025
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Макишева Сауле Шөкенқызы – аяулы ана, өз ортасында сыйлы, құрметке бөленіп жүрген, жоғары санатты учаскелік медбике. Оның ақ халатты абзал жандардың жұмысына деген қызығушылығы ерте жасынан оянған.

Дәрігер болу – үлкен жауапкершілік. Оған әркімнің жүрегі дауаламайды. Ал Сауле Шөкенқызы  жастайынан ақ халат киетінін білген.

- Менің әкем дәрігер болғанымды армандады. Айтқан сөзіне құлақ асып, дұрыс шешім таңдағаныма қуаныштымын. Мен 1993 жылы Ақмола медициналық колледжін бітірдім. Тіс дәрігері мамандығын алдым. Өзім кішкентай кезімнен адамдарға көмектесуді, пайдалы, мағыналы іспен айналысуды жақсы көремін. Мен үшін медицина жай жұмыс қана емес, жанды емдейтін, сабырлықты, жанашырлықты қажет ететін қызмет, - деп ойымен бөлісті ақ халатты абзал жан.

Ол 2007 жылы  Қарағанды қаласындағы медбикелік курстарды сәтті аяқтап, арманына бір қадам жақындай түседі. №7 мектеп-интернатында еңбек жолын бастап, кейін қазіргі Абай атындағы жалпы білім беретін мектепте медбике болып жұмыс істеді. 2011 жылдан - осы күнге дейін «Саран қаласының ауруханасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік қазыналық кәсіпорнында учаскелік медбике болып қызмет атқаруда.

- Жұмыс жылдарында мен құнды тәжірибе жинақтадым. Тез шешім қабылдауды, әртүрлі жағдайларда науқастарға көмектесуді және жақсы үйлестірілген командада жұмыс істеуді үйрендім. Мен өз жұмысымда кең ауқымды міндеттерді атқарамын. Дәрігерге көмек көрсетіп, медициналық құжаттарды, профилактикалық тексерулерді жүргіземін, сынамаларды жинап, пациенттердің жағдайын бақылау және салауатты өмір салтын насихаттаймыз. Жұмыс үнемі назар аударуды және ішкі тәртіпті қажет етеді, бірақ мен өз ісімді жақсы көремін, - деп толықтырды кетті абзал кейіпкеріміз.

Сауле Шөкенқызы жаңа тың дүниелерлі ойластырғанды, үйренгенді құба-құп көреді. Қазірдің өзінде Орынбор мемлекеттік медицина университетінде білімін шыңдап, аяқтауға шақ қалды. Оның барлығы қажырлы еңбектің жемісі деп білеміз. Медбикені жанұя мүшелері әрдайым қолдайды. Жолдасымен бірге талай белесті бағындырып, үш балаға  жақсы тәлім-тәрбие берді. Бүгінде ата-әже атанып, 4 немеренің қызығын қызықтап келеді.

- Жұмыстан кейін мен тамақ әзірлегенді ұнатамын – тамақ әзірлеу менің хоббиім және жақындарыма сүйіспеншілігімді білдіру тәсілі. Мен отбасымды үйде дайындалған дәмді тағамдармен қуантуды ұнатамын. Сондай-ақ, қызымның дәрігерлер әулетін жалғастырып жатқанын ерекше мақтан тұтамын! Ол қазір медициналық колледжде оқып жүр. Болашақта фельдшер болады. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, барлық әріптестерімді, медицина қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздерге денсаулық, кәсіби табыс, шыдамдылық, рухани күш тілеймін. Еңбектеріңіз әрқашан бағаланып, өмірлеріңіз жылулыққа, махаббат пен қуанышқа толы болсын!, - деді аяулы ана, мейірімді медбике.

P.S.:Елімізде жыл сайын маусымның әр үшінші жексенбісінде Медицина қызметкерлерінің күні атап өтіледі. Біз де өз кезегімізде барша ақ халатты абзал жандарды кәсіби мерекесімен құттықтаймыз! Қызметте әрқашанда абырой биігінен көрініп, еңбектеріңізге табыс, мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақ – береке тілейміз!

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА