Бүгін: 17.06.2025
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Байқауды алғаш рет қаламыздың мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі ұйымдастырды.

Ондағы мақсат – мемлекеттік тілдің кең ауқымды қолданысын қамтамасыз ету, мемлекеттік тілдегі жарнама мәтінін сауатты рәсімдеу жолдарын насихаттау, «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заңның талаптарын орындалуын қадағалау.

Нәтижесінде соңғы айларда белсенді болған,  мемлекеттік тілде айна-қатесіз аударма жасаған, бекітілген талаптарды сақтаған және қаланы дамытуға үлес қосқан Саран қаласы мен Ақтас кенті бойынша 10 кәсіпкер Алғыс хатпен марапатталды.

Айта кететін жайт, аталған байқау бір айға созылған. Осы аралықта қазақ тілінде сауатты жарнама жасай алған жандарды қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің жанынан ашылған «Тіл қорғаны» жұмыс тобының мүшелері аптасына бір рет мониторинг жасау арқылы анықтаған.

- Күтпеген жерден осындай марапатқа ие болғанымызға өте қуаныштымыз. Еңбегімізді елеп-ескергендеріңізге рақмет.  Аталған байқау туралы естігенде бірден қатысуға бел будық. Себебі, біз жарнамаларды тұрғындарға ыңғайлы болуы үшін екі тілде жазуға тырысамыз және тұтынушылардың сұраныстарына сай қалаулары бойынша сол тілде қызмет көрсетеміз. Сонымен қатар, көрнекіліктердің де дұрыс болуына мән береміз, -деп атап өтті  «Dayanа» жиһаз дүкенінің сатушысы Назгүл Нұрғабдешова.

Қалалық тілдерді дамыту орталығының директоры, «Тіл қорғаны» жұмыс тобының мүшесі Альбина Нұрмаханованың айтуы бойынша, тіпті, қаламыздың кейбір нысан иелері сатуға қойылған тауардың сипаттамасын, фискалдық чектерін екі тілде жазу үшін өз қалталарынан қосымша қаражат шығарған.  Келушілердің ыңғайына қарай әр заттың атауын қазақ, орыс тілінде жазып қойған.

Алғысқа бөленген жандардың араларында ешқандай ескерту алмаған, өз кәсібін дөңгелетіп жүрген кәсіпкерлер де болды.

 – Шыны керек, нысан қызметкерлерінің, кәсіп иелерінің әсерін көріп,  қуанып қалдық. Жылдар бойы жасалынған жұмыстың жемісі деп білеміз. Байқаудан бөлек, бекітілген нормаларды дұрыс сақтаған басқа да кәсіпкерлерді марапаттаймыз деген шешімге келдік. Бәлкім, бұл байқауды басқа форматта өткіземіз. Енді оның барлығы уақыт еншісіне қалдырып отырмыз. Себебі осымен мониторинг жұмыстары тоқтап қалмайды. Әлі де төрт топқа бөлінген тіл жанашырлары өз жұмысын жалғастырады, – деді қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің тіл маманы Ақерке Жәнібекқызы.

Сондай – ақ, Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру аясында сауда орталықтарына, шағын және орта бизнес өкілдеріне орталық тарапынан әрдайым қолдау көрсетіліп отырады. «Жедел желі» арқылы әдістемелік көмек көрсетіледі. Жасалған аударма үшін ешқандай  қаражат алынбайды, барлығы тегін түрде жүзеге асырылады.

Тағы да айта кететін жайт, Саран қаласы мен Ақтас кентінің шағын және орта бизнес өкілдеріне орталық тарапынан тегін түрде қысқа мерзімді курстар ұйымдастырылады. Бұл өз кезегінде кәсіпкерлердің тұтынушылармен  байланысын нығайтып, олардың қалаулары  бойынша өз тілдерінде қызмет көрсетулеріне үлкен көмек болады.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА