5 маусым күні қала әкімі Дарын Бұлқайырдың қатысуымен, қалалық мәслихаттың төрағасы Өміржан Баймағанбетовтің төрағалығымен Саран қалалық мәслихатының ХХV кезекті сессиясы өтті.
Сессия отырысына қала әкімінің орынбасарлары, прокуратура, полиция бөлімінің өкілдері, мемлекеттік органдардың басшылары мен депутаттар қатысты.
Күн тәртібінде бірқатар өзекті мәселелер қаралды. Бірінші болып экономика және қаржы бөлімінің басшысы Евгения Чиркованың «2024 жылғы қалалық бюджеттің орындалуы туралы есеп» бойынша дайындаған баяндамасы тыңдалды. Одан соң, Ақтас кенті әкімінің м.а. Марғұлан Анаев «2024 жылғы Ақтас кенті бюджетінің орындалуы туралы есеп» мәселесіне тоқталды. Ал келесі болып сөз алған қала әкімінің орынбасары Дастан Арнешев «2024-2025 жылдардағы жылу беру маусымының өтуі туралы есебі және 2025-2026 жж. жылу беру маусымына дайындық жөніндегі іс-шараларды бекіту» туралы мәселесіне егжей-тегжейлі тоқтап, атқарылған жұмыстарды пысықтап өтті.
Бүгінде жылыту маусымына дайындық жұмыстары қала әкімі Дарын Бұлқайырдың жеке бақылауында.
Қала әкімі өз сөзінде, «Қыстың қамын жазда ойла» деген ойды алға тарта отырып, қазандықтардың жұмысы оң нәтиже беруі - тікелей үйлердің қысқа дайындығына байланысты екендігін атап өтті. Әрі пәтер иелерінің кооперативтеріне (КСК-ға) қатысты мәселесін де ұмыт қалдыруға болмайтынын ескертті. Депутаттарға бұл мәселелерге аса мән беру керектігі айтылды.
Сонымен қатар, кәріз желілерін ауыстыру, тоқ көзі мен ауыз су мәселесін шешу жұмыстары да қоса атқарылуда. Барлығы жоспар аясында жүзеге асырылуда.
Сондай-ақ, отырыста Саран қаласының орталық ауруханасының директоры Айбек Рахимбековтің халыққа медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін жақсарту жөніндегі жұмысқа қатысты дайындаған баяндамасы тыңдалды. Одан бөлек, «Саран қалалық мәслихаттың 2024 жылғы 20 желтоқсандағы «Саран қаласы әкімдігі жанындағы үйлестіру кеңестердің, қалалық комиссиялардың дербес құрамдарын бекіту туралы» №176 шешіміне өзгерістер енгізу туралы», «Қалалық мәслихаттың 26 сессиясының күн тәртібі туралы» мәселелері де дауысқа салынды.
Сессия отырысының соңында күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша шешім шығарылды.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА