Ақтас кентінің мәдени-сауық орталығында жыл сайынғы патриоттық әндер мен өлеңдер фестивалі биыл Мемлекеттік рәміздер күнімен тұспа-тұс келді. Рухты әндер мен отансүйгіштікке тәрбиелейтін өлең жолдары көптің жүрегінен орын алды.
«Үкілі домбыра» домбыра ұжымы сахнаға шыққан бетте ұлттық аспаптан күмбірлеген күй төгілді. Арнайы фестивальға Қарағанды, Саран қалаларынан, Жаңа Дубовка, Ақтас кентінен сыйлы қонақтар, «Алаш Наз» тобы мен Ақтас кентінің шығармашылық ұжымдары: «Якташлар» этномәдени қоғамдық бірлестігі, «Актасские зори» ардагерлер хоры, «Қарлығаш» әуесқойлық бірлестігінің мүшелері қатысты.
Отанға, туған жерге, мәдени ортаға деген сүйіспеншілік дәріптелді. Өнер арқылы адамның бойындағы күш-қуаты мен жігері көрсетілді.
Ақтас кентінің мәдени-сауық орталығының директоры Майра Қульджабаева барша жиналған қауымды Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күнімен құттықтап, сахна төрінде өнер көрсеткен қатысушыларға дипломдар мен естелік сыйлықтарды табыс етті.
Дәстүрлі шаралардың бірі болғандықтан, әр жыл ерекше - назарда. Себебі, бұл, ең бірінші - өскелең ұрпақтың Отанға деген патриоттық сезімін ояту және отансүйгіштікке, елжандылыққа тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылып келеді.
Әлбетте, мәдениет ұжымы осы жұмыстарымен тоқтап қалмай, әрі қарай өздерінің шығармашылық ізденістерімен сүйікті көрерменін одан сайын таң қалдыруға, рухани демалыс сыйлауға тырысатын болады.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА