«Асыл әжелер» эстрадалық хорының алғашқы жеке шығармашылық концерті жоғары деңгейде өтті. Көрерменнің құрмет-қошеметі, ыстық ықыласы үзілмеді.
Бойында өнерге деген махаббаты мен дарыны ұштасқан, ізденімпаз, еңбекқор, аяулы аналардың, асыл жар, ақ жаулықты әжелердің ниеті мен ықыласының арқасында құрылған «Асыл әжелер» хорының сахнада жүргеніне бір жылдан асты. Өнерпаз жандардың өнерге, әнге деген құрметі мен шығармашылық ізденісі жоғары. Олар орындаған әр әннің артында еселі еңбек, тыңғылықты дайындық жатыр.
Концертте халық жүрегінен кең орын алған ескі де, есті әндер шырқалды. Хор мүшелері: Лиза Өрісханқызы, Сақай Шатарбайқызы, Гүлжан Жүсіпбекқызы, Роза Асанханқызы, Күләш Жанғозақызы, Нұрсұлу Шактайқызы, Гүлнар Хавдалқызы, Күмісжан Хыдыралқызы, Мәрзия Дахарқызы, Ақшагүл Оилқызы, Рыскүл Қожахметқызы орындаған әндер тыңдарман жүрегіне бірден жол тапты. Әжелеріміз Күләш Жанғозақызы, Мәрзия Дахарқызының жеке дауыста салған әндерін де дүйім жұрт өте жылы қабылдады.
Осы орайда хордың жетекшісі – республикалық конкурстардың лауреаты Динара Нұралқызы Хасанованың да еңбегі зор. Себебі халыққа ұсынған әндер жинағы құлақтың құрышын қандырып қана қоймай, рухани байлық сыйлады. Иірімі терең туындылардың өзін көрерменге керемет жеткізе білді. Әжелер оркестрмен де, эстрадалық бағытта да өздерін байқап көрді.
Хордың құрылуына сеп болған жандардың бірі - Саран қаласының Аналар кеңесінің төрағасы, педагогика қызметінің ардагері, оқу білім ісінің үздігі Гүлжан Жүсіпбекқызы еді. Өзі қатарлы аналарымызды бір арнаға тоғыстырып, әнге, өнерге деген ықылас-ниеті, көңілі таза жандарды хорға жинады. Кеште «Елге сәлем» әнін орындап, одан сайын сахнаны гүлдендіріп жіберді.
- Хор қазақ халық әндерін насихаттау, жастардың құлағына жеткізу және тәлім-тәрбиені дәріптеу мақсатында құрылды. Осы орайда, әкімшілікке, қала әкімінің орынбасары Сағынбек Жаңбырбайұлына, қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ғалия Төлегенқызына, мәдениет ұжымына ерекше алғысымызды білдіреміз. Хорымыз әріқарай да дамиды деген ойдамыз. Сол мақсатта жұмыс істейміз. Қазір хорға 12 әже қатысады. Егер де бізге қосылғысы келетін жандар бар болса, біз тек қуанамыз,- деп атап өтті Саран қаласының Аналар кеңесінің төрағасы, «Асыл әжелер» хорының мүшесі Гүлжан Жүсіпбекқызы.
Асыл әжелерге Тәттімбет атындағы академиялық қазақ халық аспаптары оркестрі қолдауын көрсетті. Арнайы кешке «Жалған өмір-ай» әнімен кеңінен танымал болған қазақ эстрада әншісі Мәди Ахметқожа да қатысып, көрерменді әсем әнімен тербете түсті. Асыл әжелердің «Виа-Креатив» тобының сүйемелдеуімен шырқалған «Құралай» халық әні де көптің жадында сақталды.
Облыстық мәдени-сауық және халық шығармашылығының ғылыми әдістемелік орталығының директоры Канафина Индира және директордың орынбасары Құрманбаева Алтынай, қалалық мәдениет үйінің директоры Баян Абайұлы хор ұжымының еңбегін жоғары бағалалап, алғыс хат табыстап, шығармашылық табыс тіледі.
Бұл жай ғана жеке шығармашылық концерт қана емес, бұл өнерді сүйетін жандарды тоғыстыра білген, тәлім-тәрбиені көрсете білген кеш болды. Бұл бір-бір үйдің шаңырақ шежіресін шертіп, ағайын-туыстың татуылығын, немере-шөберелерінің амандығын әрдайым тілеп жүретін асыл әжелердің өнері ұлықталған күн болды. Толағай табыс пен мың алғыс айтылды. Ризашылығын білдірген тұрғындардың қошеметі таусылмады.
Тілші: Дина ӘБДІҒАЛИЕВА