Елімізде жыл сайын 4 масуым күні Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні мерекеленеді, бұл күн тарихымыздағы ерекше мәртебелі күн. «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заң 2007 жылы 4 маусымда қабылданды. Ту, Елтаңба және Әнұран сынды ұлттың айшықты таңбаларының қабылдануы – дүниежүзінде «Қазақстан» дейтін мемлекет бар екендігінің көрінісі. Әрбір нышан Қазақстанның ұлты мен шығу тегіне қарамастан, ел азаматтарының еркін біртұтас ұлт екенін көрсетеді.
Мемлекеттік рәміздер тәуелсіздік нышаны ретінде ерекше қадірленіп, оларға биік мәртебе беріледі, сондықтан да мемлекеттік рәміздерді қастерлеу мемлекет азаматтарына парыз, бұл мемлекетіміздің тәуелсіздігін құрметтеуді нығайтып, жасөспірімдердің отансүйгіштік сезімін қалыптастырады.
ҚР Мемлекеттік Туы – ортасында арайлы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында ұлттық өрнек тік жолақ түрінде нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес.
ҚР Мемлекеттік Елтаңбасы – дөңгелек нысанды және көгілдір түс аясындағы шаңырақ түрінде бейнеленген, шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағында аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған. Жоғарғы бөлігінде – бес бұрышты көлемді жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Қазақстан» деген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздардағы қанатты пырақтардың бейнесі, сондай-ақ «Қазақстан» деген жазу – алтын түстес.
ҚР Мемлекеттік Әнұраны - «Менің Қазақстаным» әні ретінде танымал болған қазіргі Қазақстанның Әнұраны 2006 жылы 6 қаңтарда еліміздің Парламентінде бекітілді.
Мемлекеттік рәміздер мемлекеттік біртұтастығымыздың маңызды белгісі. Сол себепті оны кеңінен қолдану, қадірлеу өте өзекті. Рәміздер арқылы елімізді бүкіл әлем таниды. Мемлекеттік туды өзге елге саяхат жасаған қазақстандықтар өздерімен бірге алып кетеді, әлемдік спорт додаларында еліміздің олимпиада жеңімпаздары Әнұранымызбен бірге Көк Туымызды биікке көтереді. Мемлекеттік рәміздерді қастерлеу, қасиетін білу, оны жүрекке тоқу – отансүйгіштіктің белгісі!
Ф. Несипбаева,
Саран қалалық қазынашылық басқармасы басшысының орынбасары