Бүгін: 17.06.2025
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Бала қауіпсіздігі  төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлерін алаңдатып отыр. Әсіресе жазғы маусымда орын алатын апатты жағдайлардың алдын алу үшін тиісті жұмыстар басталынып кетті.

Саран қаласының төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері тек қызыл жалынды сөндіріп қана қоймай, балалардың да тілін таба біледі. Халықаралық балаларды қорғау күніне қарсы қалалық мәдениет үйінің алаңында кішкентай қала тұрғындары үшін «Балалардың қауіпсіздігі – басты назарда» атты республикалық акция өтті.

Акция аясында Қарағанды облысының төтенше жағдайлар департаментінің, жедел құтқару жасағы мен төтенше жағдайлар медицинасы орталығының қызметкерлері балаларға қызықты бағдарлама ұсынып,  құрал-жабдықтарымен таныстырды. Бірге сурет салды, сүйікті кейіпкерлерін бояды. Бәрінен өрт сөндірушулердің арнайы қорғаныш киімі мен техникасына көздері оттай басылды. Бірінен соң бірі өрт сөндіретін көлікке мініп, өзін бір сәтке болсын «өрт сөндіруші» ретінде сезініп, мәз-мейрам болды.

Мұндағы мақсат – тек балалардың көңілін көтеру ғана емес, оларға тілсіз жаудан сақтану жолдары мен суға шомылу қауіпсіздік ережелерін ұғындыру. Төтеншеліктер әрдайым Саран қаласы мен Ақтас кентінде арнайы жабдықталған, рұқсат етілген шомылу орны жоқ екенін ескертіп келеді. Осы орайда рейдтер де, кездесулер мен дөңгелек үстелдер де тұрақты түрде ұйымдастырылуда.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА