22 мамыр күні қала әкімінің орынбасары Сағынбек Бейскеевтің төрағалығымен кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті.
Күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Бірінші болып Саран қаласының отбасын қолдау орталығының басшысы Елена Швецованың аз қамтылған, көп балалы санаттағы отбасыларға көмек көрсету бойынша дайындаған баяндамасы тыңдалды. Оның төңірегінде атқарылған жұмыстар кеңінен талқыланды.
Орталықта әр адамға, жанұяның жағдайына байланысты жеке жоспар құрылады. Оның аясында психологиялық, медициналық, заңгерлік көмек көрсетіледі және әлеуметтік, білім беруді қолдау мен қоғамға интеграция бойынша жұмыстар атқарылады. 2025 жылдан бастап отбасын қолдау орталығының мамандары девиантты мінез-құлығы байқалған жасөспірімдерді тәрбиелеп жүрген 11 отбасыға психологиялық көмек көрсетті.
Сонымен қатар, комиссия мүшелері Саран қаласының оқу орындарында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша жүргізілген жұмыстардың нәтижелерін қарастырды. Сондай-ақ, жеке іс қаралды.
Жиын соңында комиссия төрағасы С. Бейскеев кәмелетке толмаған жасөспірімдердің қауіпсіздігі, олардың жат әдет-қылықтардан аулақ болуы, қажетті деңгейде білім мен тәрбие алуы жауапты мекемелердің ұдайы назарында болуы қажеттігін айтып, нақты тапсырмалар жүктеді.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА