Биыл қаламызда 12 түлек «Алтын белгі» белгісіне және 52 оқушы «Үздік» аттестат алуға үміткер.
23 мамырда «Мектебім, саған мың алғыс!» атты ұранмен Абай атындағы жалпы білім беретін мектепте «Құлақтан үнің кетпестей, сыңғырла соңғы қоңырау» атты салтанатты шара өтті.
Ата-аналар, ұстаздар мен оқушылар тағатсыздана күткен бұл сәтте ең жылы сөздер, ең ізгі деген тілектер айтылды. 2024-2025 оқу жылында қол жеткізген жетістіктері аталып, ұстаздар мен оқушылар көптің көзінше марапатталып, мектеп мерейін асқақтатты.
Қалалық мәслихаттың депутаты Жанбол Жаяубаев, Саран қаласының білім бөлімінің әдіскері, мектеп кураторы Жадыра Бектибаева сөз сөйлеп, барша жиналған қауымды оқу жылының аяқталуымен құттықтап, тарыдай кіріп, таудай болып шығатын мектеп түлектеріне сәт-сапар тіледі.
Мектеп директоры Серикова Гүлден Абдильхамидқызы күндегіден ерекше толғаныспен қолына микрофон ұстап, білім нәрімен сусындап өскен, туғанындай ыстық болып кеткен мектеп оқушыларын соңғы қоңыраумен құттықтады.
- Бітіруші түлектер, сіздер үшін бүгінгі соңғы қоңырау айшықты да, айбынды, мерекелі де мерейлі, табысты күнге айналып отыр. Өзіміздің қимас мекенімізге айналған, балалық шақтың балдәурені бола білген, аяулы мектебімізбен қоштасып, өмірдің, болашақтың бесігіне, болашақтың кемесіне мініп аттанғалы отырсыздар. Биылғы түлектерді біз ерекше мақтанып айта аламыз. Мектебіміздің әрбір іс-шарасын жоғары деңгейде өткізіп отырдық. Енді сіздердің алдарыңызда үлкен сынақ күтіп тұр. Бұл бәрімізге белгілі - Ұлттық бірыңғай тестілеу. Бұл тестілеуден де сіздер абыроймен, зор беделмен өтетіндеріңізге сенімдіміз. Себебі сіздердің әрқайсыларыңыз – талантты, білімді, ақылдысыздар, - деді мектеп директоры.
Оқушылардың билеген мектеп вальсі көптің ықыласына бөленді. Қолдап келген жақындары жан-жақтан түсіріп, естелік ретінде сақтап қалғысы келді. Мектеп түлектері көздеріне жас алып, білім ордасына әуезді әнімен де, қанатты сөздерімен де ризашылығын жеткізді.
Сондай-ақ, биыл хакім Абайдың есімімен аталатын, талай дарынды түлектерді түлетіп ұшырған қаламыздағы жалғыз қазақ мектебі толық күрделі жөндеу жұмыстарынан өтпек. Сырты мен ішін қалпына келтіру жоспарлануда.
Жаза кетейік, қалалық білім бөлімінің бізге берген ақпаратына сүйенсек, 9-сынып оқушылары үшін қорытынды емтихан 29 мамырдан басталып, 10 маусымға дейін жалғасады. Өз білімін 550 түлек көрсетеді, олардың әрқайсысы 4 міндетті емтихан тапсырады. Ал 11-сыныпқа арналған емтихандар 30 мамыр мен 16 маусым аралығында өтеді. 177 түлек мектеп базасында 5 емтихан тапсырмақ.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА