Тіл әр адамның бойына ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады. Тіл байлығы – әр елдің мақтанышы, атадан балаға мирас болған, баға жетпес мұрасы. Сондықтан, әр адам ана тілін қадірлеуге міндетті, оны шұбарлап сөйлеуге жол берілмеуі керек. Біздің ана тіліміз – шексіз бай, өте көркем тіл. Халықтың халық болып тарихта қалуы, тіліне байланысты. Жеке бір адам ұлт тілін жасай алмайды. Тіл – әр халықтың жазуы жоқта кітабы, мектебі жоқта ұстазы болған. Адамды мұратқа жеткізетін – тілі мен ата – дәстүрі.
Қазақ тілі бұл – қазақ халқын әлемге танытқан ұлы Абайдың, қазақ әліпбиінің атасы Ахметтің, сырлы да сұлу шығармаларды тудырған Мұхтардың тілі. Ана тілі арқылы адамдар өз қуанышы мен толғанысын жеткізеді. Сондықтан да, Тіл – қадірлі де қасиетті. Әркімнің ана тіліне деген құрметін анасына, ұлтына, Отанына көрсетілген құрмет деп білуіміз керек.
Тіл – халқымыздың рухани дүниесін нығайтып, адамдарды татулық пен бірлікке, өскелең ұрпақты патриотизм мен жалпы адамзаттық ынтымақтастыққа тәрбиелеуге қызмет етеді. Қазақ тілінің өркендеуі, дамып, қанат жаюы – ел азаматтарына байланысты. Бәрінің бастау негізі, халықтың қазына қайнарында, ақыл – парасатында жатыр.
Қазақ халқының біртуар батыр ұлы Бауыржан Момышұлы: «Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата – бабамызды, тарихымызды ұмыту» деген еді. Бүгінгі ұрпақ ана тілінде жетік сөйлеп, білімді, мәдениетті болулары керек. Сол себепті, тәуелсіздікті баянды еткіміз келсе, тіліміздің туын биік ұстайық!
Ж. Джумашева,
Саран қаласының ПБ