Мән-маңыздылығы жоғары облыстық жобаларда әр салада қызмет етіп жүрген мемлекеттік тілде таза сөйлейтін өзге этнос өкілдері жақсы нәтижеге қол жеткізді.
19 мамыр күні Қарағанды гуманитарлық колледжінің жиын залында облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы мен ресурстық тіл орталығының мұрындық болуымен «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» атты маңызды кездесу өтті. Себебі, дәл бұл шара барысында «Біз мемлекеттік тілде сөйлейміз» және «Сәрсенбінің сәтінде» облыстық жобалардың қорытындысы жарияланды. Бір жылдық еңбектің нәтижесі шықты.
Саран қаласынан қос жобаға қазақ тілін жетік меңгерген 45 өзге этнос өкілі қатысып, жақсы нәтижеге қол жеткізіп қайтты.
- Өзге этнос өкілдерінің тілге деген ерекше махаббатын сезініп, патриоттық рухқа толы шара болды. Керемет әсер алдық. Жылы кездесу болды. Бір шаңырақ астындағы татулықты көрдік. Жалпы, осы екі облыстық жобаға мемлекеттік тілде жақсы сөйлейтін әр саланың өкілдерін қамтығымыз келді. Бұл бастаманы зауытта, мектепте, өзіміздің тілдерді дамыту орталығынан, «Мәміле» тілдесу клубының мүшелері, мемлекеттік қызметкерлер қолдап, өңір бойынша біздің Саран қаласы ерекше көзге түсіп, марапат санынан басым болды, - деп атап өтті Саран қаласының тілдерді дамыту орталығының директоры Альбина Нұрмаханова.
Қос жоба нәтижесінде Саран қаласының құрылыс бөлімінің бас маманы Ван Руслан, Абай атындағы жалпы білім беретін мектебінің 9-сынып оқушылары: Овсянникова Вероника, Найденко Диана, «Silk Road Electronics» зауытының қызметкері Николаева Анисия, Саран қаласының полиция бөлімі уақытша ұстау изоляторы бастығының орынбасары Абдуллаев Заур, 44803 әскери бөлімінің Ақтас кентіндегі С-300 зениттік зымырандық дивизионының сарбаздары: Санжар Ерболұлы, Амиржан Русланович марапатталды. Сондай-ақ, Абай атындағы жалпы білім беретін мектеп ұжымына алғыс хат берілді. Жерлестерімізді құттықтаймыз!
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА