Бүгін: 17.06.2025
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

«Сұңқар» стадионында Қазақстан халқының бірлігі күнінде «Бір шаңырақ астында» атты мерекелік шара өтті.

Ұлттар арасындағы бірлікті, достықты, татулықты дәріптеген концерттік бағдарламада шеру өтіп, футбол алаңында 400-ден артық биші бір уақытта флешмоб билеп, айналаны ақ, сары, көк түстермен түрлендіріп жіберді.

Жастар әр ұлттың киімін киіп, ауызбіршілікті, мейірім мен қамқорлықты көрсетті.

- Бүгінгі шара өте жоғары деңгейде өтті. Бұл шараға бір апта бұрын дайындық жұмыстарын жүргіздік. Менің қызым осы мерекеге орай қазақ биін биледі, флешмобқа қатысты. Барлық қазақстандықтарды бірлік, ынтымақ күнімен шын жүректен құттықтаймын! Елімізде тыныштық, береке, бірлік болсын. Көк туымыз әрдайым төбеде, биікте желбірей берсін, - деп Саран қаласының тұрғыны Мерейжан Аубакирова ізгі лебізін білдірді.

Кейін қала тұрғындары құлақтың құрышын қандыратын әуезді әндерді тыңдап, «Ивушка» халықтық аспаптық оркестрінің, «Дека» тобының, «Асыл әжелер» хорының өнерін тамашалады. Сахнада күмбірлеген домбырадан күй де төгілді, «Детство» үлгілі би ансамблінің, «Амадеус», «Жамбы»  би ұжымдарының биі де биленді. Қалалық мәдениет үйінің мерекелік бағдарламасынан кейін шара балалар өнер мектебінің ұжымы дайындаған концертпен жалғасты. Онда «Каприз» хореографиялық ұжымының, қобыз сыныбы оқушыларының, «Коломейка» орыс халық аспаптар бөлімі оқытушыларының және басқа да белсене қатысқан өнерді сүетін жанашыр жандардың жүректен шыққан мейірімге толы әндері мен шығармашылығы ел назарына паш етілді.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА