Сүйінші! Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледждің студенті Аяна Кәдірбаева «Қазақстан Республикасы колледждерінің 100 үздік студенті» республикалық конкурсының жеңімпазы атанды.
30 сәуір күні Астана қаласында «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен «Talap» КЕАҚ ұйымдастыруымен «Қазақстан Республикасы колледждерінің 100 үздік студенті» республикалық конкурсының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Оған ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, «Talap» КЕАҚ президенті Санжар Мейірханұлы, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары, бизнес-қоғамдастық өкілдері, колледж басшылары, педагогтері мен ардагер ұстаздары қатысты.
Бұл ауқымды байқауда 512 колледжден 2000-нан астам студент өз бағын сынаған. Тек ең үздік деген 100-і ғана республикалық финалға жеткен. Олардың қатарынан Қарағанды облысының жеті бірдей студенті, оның ішінде Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледждің студенті Аяна Кәдірбаева да көрініп, өңіріміздің абыройын асқақтата түсті. Жас болса да талантты жерлесіміз уәждемелік хат жазудан, бейнеролик, жоба қорғаудан сәтті өтіп, 100 ұпай ішінен 91 ұпайды иеленді.
- Жалпы байқаудың республика бойынша ішкі кезеңіне 2600 студент қатысса, әр өңірден республикалық кезеңге 10 студент іріктелді. Республикалық кезеңде үздік студенттерді анықтау үшін 44 эксперт әр қатысушының жұмысын бағалады. Бұл жеңіс – бүкіл колледжіміздің, ұстаздарымыздың және өңіріміздің ортақ жетістігі! Аянаны шын жүректен құттықтаймыз! Әлі де алар асуы, бағындырар белесі көп болғай. Елге еңбек етіп, кәсіби биіктерден көріне беруіне тілектеспіз. Табысың тасып, жеңістерің жалғасын таба берсін, жас маман!, - деді Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжде директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, әрі жетекшісі Жанбол Жаяубаев.
Сондай-ақ, жеңімпаздар жұмысқа орналасу, әкім гранттары арқылы жоғары оқу орындарында оқу және стартап жобаларын дамыту мүмкіндіктеріне ие болды.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА