Дәстүрлі «Ұлттық ономастика - ел айнасы» қалалық байқауы биыл ерекшелене түсті.
Таяуда қалалық мәдениет үйінің ғимаратына тіл жанашырлары жиналып, ел жетістіктерін, тарихи тұлғаларды ұлықтап, қазақ халқының көне салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын жаңғырта түсті. Оған бірден-бір себеп – қаламыздың тілдерді дамыту орталығы жыл сайын ұйымдастырып жүрген «Ұлттық ономастика - ел айнасы» қалалық байқауы еді.
- Осыған дейін дәстүрлі түрде өтетін аталмыш байқау қазақ тілді аудиторияға ұйымдастырылып келсе, биыл ерекше болсын деп, өзге этнос өкілдері арасында өткіздік. Байқауға қала көлеміндегі өзге этнос өкілдерінен құралған мемлекеттік мекеме қызметкерлері, қоғамдық ұйым өкілдерінен командалар, орталықтың қазақ тілі курсынан өткен тыңдаушылар, «Мәміле» тілдесу клубының мүшелері қатысты. Бір атап өтетін жайт, басынан-аяғына дейін барлығы мемлекеттік тілде болды, - деді қалалық тілдерді дамыту орталығының директоры Альбина Нұрмаханова.
Бұл байқаудың өздіндік артықшылығы – өткен жылы байқауға қатысып жүлделі орын алған топ мүшелері қайта қатыса алмайды. Яғни, үштікке ілікпей қалған басқа командаларға бағын сынап көруге әрдайым мүмкіндік бар.
Әдеттегідей, әр топта үш адамнан келген. Қатысуға ниет білдірген 5 команда мүшелері үш кезең аясында білімін көрсетіп, бір жағынан тарихи деректерді қаншалықты жақсы білетіндерін тексере алды. Мәселен, «Тұлғалар» кезеңінде танымал, әдебиеттен ойып тұрып орын алған тұлғаларды тауып, олар жайлы ақпарат берсе, келесі «Көрікті жерлер» кезеңінде өз атында тұрғандай еліміздің әсем де сұлу жерлерін атаған. Ал «Туған жерім» кезеңінде мемлекеттік тілде эссе жазу өнері сыналған. Онда сөз саптауынан бастап, грамматикасына, ойды дұрыс жеткізуіне, тақырыпты қаншалықты аша түскеніне аса мән берілді.
Қатысушылардың жұмысын Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ономастика, сараптама және қоғамдық ұйымдармен байланыс бойынша бас мамандары Айнұр Бөгенбаева және Гаухар Темиргалиева, Қарағанды қаласының «Шырақ» тіл оқыту орталығының директоры Әсия Смыкова бағалады. Соңғы шешуші сөз де осы жандарда болған.
Тағылымды өткен байқауда 1-орынды «Асыл сөз» командасы (№6 ЖББМ) иеленсе, 2-орынды «Мәміле» тілдесу клубының құрама командасы, 3-орынды «Колокольчик» бөбекжайының «Жұлдыз» командасы жеңіп алды. Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлері арнайы дипломдармен, естелік сыйлықтармен және алғыс хаттармен марапатталды.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА