Бүгін: 02.05.2025
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

24 сәуір күні №9 арнайы мектеп-интернатының қабырғасында бірінші рет «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында, «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы мен «Еңбегі адал – жас өрен» жобасын жүзеге асыру шеңберінде ерекше білім беруді қажет ететін оқушылар арасында «Жұмысшы мамандықтарының марафоны» атты облыстық байқау өтті.

Қарағанды облысында білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығы мен №9 арнайы мектеп-интернатының ұйымдастыруымен өткен, үш кезеңнен тұрған байқауға облыс бойынша 8 арнайы мектеп-интернатының білім алушылары  және балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілері қатысты. Оқушылар сұранысқа ие жұмысшы мамандықтары жайлы сыр шерте отырып, оның мән-маңыздылығына тоқталды. Өздері жасаған жұмыстарымен бөлісті.

- Бүгін біз балаларға мамандық жайлы айтпаймыз, балалар бізге мамандықтардың қыр-сырын көрсететін болады. Осында тұрған әрқайсыларыңыз жеңімпазсыздар. Барлықтарыңызға сәттілік тілейміз!, - деп Қарағанды облысының білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының тәрбие және қосымша білім беру бөлімінің меңгерушісі, әрі қазылар алқасының мүшесі Айгүл Калмагамбетова байқау барысында балаларды жігерлендіре түсті.

Сондай-ақ, балалардың дайындығын Қарағанды облысы бойынша еңбек мобильділігі орталығының директоры Татьяна Черкасова, Қарағанды облыстық №5 психологиялық–медициналық-педагогикалық консультациясының әдіскері Людмила Гавриленко, Саран техникалық колледжі директорының оқу-өндірістік жұмыс жөніндегі орынбасары Жанат Мусина, «Текстилька» магазинінің меценаты Юлия Бодрова, №8 психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің директоры Құралай Кулмагамбетова бағалап, әр топтың артықшылығын жеке-жеке айтып отырды. Қатысушылар да байқауға жауапкершілікпен қарап, түрлі көрнекіліктерді жасап, бірыңғай форма киіп, барынша мамандықтардың жұмысын көрсетуге тырысқан.

- Біз бүгін 9-10 сынып оқушыларымен аспазшы мамандығын дайындап әкелдік. Бірінші рет қатысудамыз. Оқушылар кішкене қобалжып тұр. Бізде көбіне оқушылар спорт жағына бейім. Жүлделі орындарды да аламыз, - деді №7 арнайы мектеп-интернатының тәрбиеші-дефектологы   Күміс Ақылтаева.

Әділ қазылардың шешімімен №7 арнайы мектеп-интернаты бас жүлдеге, «Таңшолпан» өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығы 1-орынға, №4 арнайы мектеп-интернаты мен №9 арнайы мектеп-интернаты 2-орынға, №2 арнайы мектеп-интернаты, №3 арнайы мектеп-интернаты және №8 арнайы мектеп-интернаты 3-орынға ие болды.  Ал №1 арнайы мектеп-интернаты мен №5 арнайы мектеп-интернаты қатысқаны үшін сертификаттармен марапатталды. Барлық балаларға естелік сыйлықтар табысталды.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА