Биыл Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске - 80 жыл. Бұл күн әр жанұяға ыстық. Себебі сұрапыл жылдар бірде-бір отбасыны айналып өтпеді. Әрбірінде соғысқа қатысып, жеңіспен оралған немесе ерлікпен қаза тапқан, оралмаған ата-әжелері бар. Жеңісті жақындату үшін қаншама адам тылда еңбек етті. Оны да ұмытпау керек. Бүгінде олардың ұрпақтары ашық аспан, бейбіт өмірді сыйлаған ата-бабаларына шексіз ризашылығын білдіруде.
Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына қарсы Саран қаласының тұрғыны Ринат Тлеубеков редакциямызға хабарласып, Ұлы Отан соғысына қатысқан атасы Өмірзақов Тлеубектің өмірбаянымен, ерлігімен бөлісті.
- Өмірзақов Тлеубек – 1903 жылы Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданының қазіргі Тегісшілдік ауылында дүниеге келген. Орта жүздің ішінде – Арғын, оның ішінде Қамбар руынан тарайды. Сұраубек, Тлеубек, Әбікен, Салиқа деген 3 ұл, 1 қыз болатын отбасынан шықты, - деп Ринат Маратұлы әңгімесін бастай отырып, отты жылдарға тоқталды.
«Біздің атамыз 1942 жылдың 26 маусымынан 1943 жылдың наурызына дейінгі аралықта 936 атқыштар дивизиясы құрамында Ленинград майданында неміс басқыншыларына қарсы ұрыстарға қатысты. 1943 жылы 8 наурызда Волхов өзені маңында сол жақ иығынан жараланып, соңынан екінші топтағы мүгедек болып сол жылдың мамыр айында денсаулығына байланысты қан майданынан елге оралды. Атамның туған бауыры Әбікен де соғысқа шақырылған. Ол 171 атқыштар дивизиясы сапында болып, 1943 жылдың 26 ақпанында майдан алаңында қаза тапты. Ленинград облысы, Старорусский ауданының Брагино ауылы маңында жерленген»,-деді ол.
Бейбіт күнде Өмірзақов Тлеубек туған жері Тегісшілдік ауылдық округына оралып, ауыл шаруашылық жұмыстарының дамуына сүбелі үлес қосқан. Шаңырақ көтеріп, жұбайы Шәкіжанқызы Шәмішкенмен бақытты ғұмыр кешіп, көп балалы жанұяның берік іргесін қалаған. Айрандай ұйыған отбасы 5 қыз, 4 ұлды тәрбиелеп өсірген. Олардан немере, кейін шөбере сүйіп, 1988 жылдың 2 ақпанында 85 жасқа қараған шағында өмірден өтті.
«Ер есімі – ел есінде» қалары сөзсіз. Ұлы Отан соғысының ардагері 1 дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен және мерейтойлық наградалармен марапатталған.
- Дәстүр бойынша 9 мамыр - Жеңіс күні отбасымызбен, барлық ұрпақтары атамызды еске алып, аруағына құран бағыштап, қалалық іс-шараларға белсене қатысамыз. Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл толуына орай біз атамызға алғыс айтамыз, әрдайым мақтан тұтамыз және тағзым етеміз, - деп немересі сөзін түйіндеді.
Оқ пен оттың ортасынан аман келген Өмірзақов Тлеубек өмірінің соңына дейін ел іргесі бүтін болуын тілеген. Батырлық, ерлік, еш уақытта ұмытылмайды. Қайта жыл өткен сайын ерліктің мән-мағынасы биіктей бермек.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА